Полицейлер дәретханада келіссөз жүргізген: Атыраудағы бұрынғы полицейлер ісінде тың деректер шықты
Атырауда бұрынғы полиция қызметкерлеріне қатысты сот отырысында есірткі саудасы мен параға қатысты тың деректер жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Ақ Жайыққа”-қа сілтемемен.
Айыптау актісіне сәйкес, бұрынғы полицейлердің біріне ұсынылған 2 миллион теңге параның басым бөлігі полиция қоймасынан ұрланған есірткіні сатудан түскен.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2026 жылғы 17 наурызда Атырау облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Ғабитов сол кездегі қалалық полиция басқармасының бастығы Бақытбек Исаевқа сержант Сұлтан Ғилажовтың заңсыз әрекеті туралы баяндаған. Оның қызметтік сейфінен мефедрон салынған сегіз пакет табылған.
Осыдан кейін Исаев орынбасарларын жинап, сержантты жұмыстан босату мәселесін көтерген. Алайда айыптау тарапының мәліметінше, кейін жағдайды басқаша шешу ұсынылған. Яғни 2 миллион теңге берсе, Ғилажов погондарын сақтап, қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алады деген шарт қойылған. Бұл талапты сержантқа жеткізуді Исаев орынбасары Қадырбек Әбішовке тапсырған. Екеуінің әңгімесі қызметтік ғимараттағы дәретханада өткен.
Айыптау актісіне сәйкес, Ғилажов қажетті соманың басым бөлігін алдын ала жинап қойған. Оның 1,5 миллион теңгесі ұрланған есірткіні сатудан түскен көрінеді. Қалған 500 мың теңгені ол сүйіктісі мен таныстарынан алған.
Сол күні сағат 16:40-та сержант ақшаны Әбішовке берген. Ал жеті минуттан кейін конверт Исаевтың қолына өткен. Тергеу мәліметінше, қалалық полицияның бұрынғы басшысы бұл соманы есірткі қылмысына қарсы бөлім қызметкерлеріне беру үшін емес, өзіне қалдыруды көздеген.
Осы эпизод бойынша Бақытбек Исаевқа қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып алаяқтық жасау, қызметтегі әрекетсіздік және пара беруге итермелеу айыптары тағылған. Қадырбек Әбішов пара беруге итермеледі деп айыпталса, Ерлан Ғабитовқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қызметтегі әрекетсіздік баптары бойынша айып тағылған.
Ал Сұлтан Ғилажовқа есірткіні жымқыру, заңсыз айналымға жіберу және пара беруге оқталу айыптары тағылып отыр.
Жалпы бұл іс бойынша жеті адам сот алдында жауап беріп жатыр. Олардың бесеуі оқиға кезінде полиция қызметкері болған. Бұған дейін сотталушылардың ешқайсысы қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Қазіргі уақытта төрт айыпталушы қамауда отыр, екі әйел үйқамаққа алынған. Ал Қадырбек Әбішов ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық сақтау туралы қолхатпен босатылған.
Айта кетейік, сот процесі Атырауда полиция қызметкерлеріне қатысты есірткіні ұрлау және оны заңсыз сату ісі бойынша өтіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар