Полиция жас анаға мұз лақтырған қызды тауып ата-анасын жазалады
Павлодарда бесік арба сүйретіп бара жатқан әйелдің басына бесінші қабаттан мұз құлап кеткен оқиғаға балконнан мұзды абайсызда түсіріп алған 12 жастағы оқушы қыздың қатысы бары анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы редакциямызға Павлодар облысының Полиция департаменті мәлім етті.
Тәртіп сақшыларының жедел тексеру жұмыстарынан кейін кәмелетке толмаған жасөспірімнің бұл қадамға қасақана бармағаны белгілі болды. Қазіргі уақытта баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін оқушының заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олар болған оқиғаға байланысты толықтай өкініш білдірді.
"Павлодар тұрғынына мұз кесегінің құлауына байланысты болған оқиғаның мән-жайын полиция қызметкерлері анықтады
Жүргізілген жедел тексеру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Павлодар қаласының тұрғыны мұз кесегінің құлауынан жарақат алған оқиғаның мән-жайын анықтады.
Анықталғандай, оқиғаға абайсызда 12 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірім қыздың қатысы болған. Оның айтуынша, ол балконда тұрған кезде мұз кесегін сындырмақ болған. Алайда мұз қолынан абайсызда шығып кетіп, төменге құлап, өтіп бара жатқан әйелге тиген.
Оқиғадан қорыққан балалар болған жағдай туралы ересектерге айтпаған және ата-аналарынан жасырған", – деп пікір білдірді полиция.
Еске сала кетейік, оқыс оқиға 8 шілде күні күндізгі сағат 12:30 шамасында орын алған. Көшеде 3 жастағы қызын арбаға отырғызып келе жатқан 25 жастағы Аяна Тілектестің басына жоғарыдан құлаған мұз кесегі тиіп, басын жарып жіберген. Ауыр соққыдан есінен танып қала жаздаған жас ана сол сәтте дөңгелеп бара жатқан бесік арбаны ұстап үлгерген. Бұл жағдайдың бейнебақылау камераларына түсіп қалған кадрлары тек шілде айының соңында ғана әлеуметтік желілерде тарай бастады.
Осыдан кейін тәртіп сақшылары денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, оны облыстық полиция департаментінің басшылығы ерекше бақылауға алғанын мәлімдеген еді.
Ендігі кезекте тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларына қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін үнемі түсіндіріп, өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырып отыр.
Соңғы жаңалықтар