Президент Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады

Президент Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
03.07.2025 12:03
0
175
Ақорда
Бектенов Тоқаевқа көлік саласын дамыту бойынша есеп берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді қарастырды.

Кездесуде премьер-министр Президентке экономиканы әртараптандыру және құрылымдық жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы есеп берді. Қазіргі уақытта құны 2,3 триллион теңгеден асатын 45 ірі өнеркәсіптік жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар шамамен 20 мың жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді.

Бектенов Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалуы туралы да баяндады. Әсіресе, көлік саласын дамытуға басымдық берілуде.

Сонымен қатар, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық трансформациялау жөніндегі жұмыстар да назарда екені айтылды.

Кездесуде вегетациялық кезең мен ауыл шаруашылығы мәселелері де қозғалды. Егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету тұрақты бақылауда. Су үнемдеу технологиялары енгізіліп, өңірлік штабтар жұмыс істеп жатыр.

Премьер-министрдің айтуынша, биыл егіс көлемі 23,7 миллион гектарға жетті. Егіс науқаны аяқталып, жиын-терімге дайындық басталған. Ауыл, орман және балық шаруашылығындағы өнім мен қызмет көлемі жыл басынан бері 4 пайызға өскен. Барлық өңірде оң динамика тіркеліп отыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев институционалдық реформалар жүргізу, өңірлерді кешенді дамыту және шетелдік инвестиция тарту бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий