Президент Қарағойшинге тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруды тапсырды

05.08.2026 20:36 Қарақат АСЫЛОВА
Президент Қарағойшинге тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруды тапсырды
246
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Кездесу барысында Президентке холдингтің қазіргі қызмет нәтижелері, бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы және алдағы даму бағыттары туралы баяндалды.

Рустам Қарағойшиннің айтуынша, бүгінде холдингтің инвестициялық және несие қоржынының көлемі 14,3 триллион теңгеге жеткен. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 16,5 триллион теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар холдингтің жыл сайынғы таза пайдасы 400 миллиард теңгеден асады.

Кездесуде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Бәйтерек» арқылы 77,5 мың отбасы баспаналы болған. Оның ішінде 11,6 мыңы – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар.

Холдинг ірі инвестициялық жобалар мен кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарын да жалғастыруда. Өткен жылы 77 ірі жоба және 27,4 мың шағын және орта бизнес жобасы қаржыландырылған. Сондай-ақ 131 экспорттаушы мен 7,2 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мемлекеттік қолдауға ие болған. Көктемгі егіс жұмыстары үшін лизинг арқылы 11,4 мың ауыл шаруашылығы техникасы берілді.

Бұдан бөлек, холдингтің ұзақ мерзімді даму стратегиясы әзірленіп жатқаны айтылды. Жаңа құжат «Бәйтеректің» проактивті инвестициялық холдинг моделіне көшуін, активтерді тиімді басқаруды, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасауды және халықтың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді.

Сондай-ақ 2026 жылдың соңына дейін Инвестициялық кеңестің қарауына импортты алмастыруды дамытуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған 26 инвестициялық жобаны енгізу жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету және ұзақ мерзімді инвестицияларды тарту жұмыстарын жалғастырудың маңызын атап өтті. Президент шағын және орта бизнесті қолдауды күшейтіп, тұрғын үйдің қолжетімділігін одан әрі арттыруды тапсырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий