Президент тапсырмасымен Олжас Бектенов Бакудегі жаһандық форумға қатысты

18.05.2026 19:39 Қарақат АСЫЛОВА
Президент тапсырмасымен Олжас Бектенов Бакудегі жаһандық форумға қатысты
49
Фото: Үкімет
Олжас Бектенов Президенттің тапсырмасы бойынша Бакуде өткен World Urban Forum сессиясына қатысты.

Қазақстан Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов Бакуде өтіп жатқан БҰҰ-Хабитат платформасының қолдауымен ұйымдастырылған Дүниежүзілік урбан форумының (WUF-13) он үшінші сессиясына қатысып, елдегі қала құрылысының жаңа стратегияларын таныстырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлемнің 100-ден астам елінен 20 мыңға жуық делегат жинаған ауқымды жиынға Өзбекстан, Қытай, Сербия және өзге де мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілері қатысуда. Ал қазақстандық делегация құрамына Астана қаласының әкімі, Алматы әкімінің орынбасары және бірқатар аймақ басшылары енген.

Жиында сөз сөйлеген Премьер-министр бүгінде ел халқының 63% бөлігі экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші саналатын қалаларда тұратынын алға тартып, үкіметтің қауіпсіздік пен экологиялық тұрақтылыққа негізделген адамға бағдарланған саясатты ұстанатынын мәлімдеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған стратегиялық бағытқа сәйкес мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі өмір сүруге қолайлы жағдай жасау және лайықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін қамтамасыз ету болып табылады», – деді Олжас Бектенов.

Осы мақсатта 2026 жылдың қаңтарында елімізде сәулеттік жобалаудың бірыңғай стандарттарын бекіткен жаңа Құрылыс кодексі қабылданып, барлық өңірде урбанистикалық даму орталықтары құрылды. Сонымен қатар үкімет басшысы заманауи басқару технологиялары мен халықаралық инвестицияларды тартуға бағытталған Alatau city жобасын жаңа урбанистикалық кластер ретінде ерекше атап өтті.

Қалалық инфрақұрылымды жақсартуда цифрландырудың рөліне тоқталған спикер Президенттің 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы технологиялық трансформацияға жол ашатынын еске салды. Оның айтуынша қазіргі таңда электрондық үкімет экожүйесі арқылы 1200-ден астам мемлекеттік қызмет қолжетімді және Қазақстан Алматыдағы ЭСКАТО орталығы базасында бұл бағыттағы тәжірибесімен бөлісуге толық дайын екенін жеткізді.

Форум күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі саналатын климаттың өзгеруі мен су қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады.

«Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясы қоршаған ортаны қорғауды мемлекеттің негізгі құндылықтарының бірі ретінде айқындады, сондықтан климаттың өзгеруі және су тапшылығының артуы жағдайында су ресурстарын басқару тұрақты қала дамуының ажырамас бөлігіне айналуда», – деді үкімет басшысы.

Бұдан бөлек Премьер-министр БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы Қазақстан басшысының бастамасын тағы бір мәрте көтеріп, Орталық Азия елдерінің экологиялық ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Еліміздің БҰҰ-Хабитат ұйымымен байланысы да жаңа деңгейге көтеріліп келеді, мәселен өткен жылы Қызылордада алғашқы Ұлттық урбан форумы өтсе, Making Cities Resilient 2030 жаһандық бастамасы аясында Астана Орталық Азиядағы тұңғыш Resilience Hub мәртебесін алды, ал Алматыда Тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын ашу жоспарланып отыр.

Шара аясында ұйымдастырылған Urban Expo көрмесінде Қазақстанның ұлттық павильоны да жұмысын бастап, шетелдік қатысушылар назарына ұсынылды. Экспозицияда қоғамдық кеңістіктерді жаңарту шешімдерімен қатар қалаларды көгалдандыруға және климаттық тұрақтылықты арттыруға бағытталған Green ID жобасы ерекше қызығушылық тудырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий