Президент үш маңызды заңға қол қойды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайы мен құқықтық қорғалуын күшейтетін үш маңызды заңға қол қойды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы қол қойған заңдар:
- «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР заңы;
- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі және құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы;
- «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы.
Барлық заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Кімдердің айыппұлы кешіріліп, жазасы жеңілдейді?
Ең ауқымды өзгерістердің бірі – жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған рақымшылық. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл шара тек полиция органдары қарайтын 1 млнға жуық әкімшілік айыппұлдың күшін жояды. Кешірілетін қаржының жалпы сомасы 17 млрд теңгеден асады.
Қылмыстық істер бойынша да айтарлықтай жеңілдіктер бар. Алдын ала болжамға сәйкес, 15,3 мыңнан астам азамат рақымшылыққа ілігеді. Жеңіл қылмыс жасағандар, зардап шегушінің шығынын толық өтегендер және жазасының аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалған тұрғындар мерзімінен бұрын босатылады. Ал ауырлығы орташа немесе аса ауыр қылмыс жасаған тұлғалардың жаза мерзімі келтірілген шығынды өтеу деңгейіне қарай 20 пайыздан 50 пайызға дейін қысқартылмақ.
Алайда, бұл кешірім барлығына бірдей қолданылмайды. Жемқорлар, террористер, педофилдер мен азаптауға барғандарға, сондай-ақ өмір бойына сотталғандарға рақымшылық жасалмайды. Бұл санаттағы қылмыскерлер жазасын толық өтейтін болады.
Борышкерлерді қорғайтын жаңа ережелер
Сот орындаушылары мен атқарушылық іс жүргізуге қатысты заңнама да түбегейлі жаңарды. Енді борышкерлердің құқығы барынша қорғалып, жеке сот орындаушыларының жауапкершілігі арта түспек.
Ең маңызды жаңалық – алимент шоттарына бұғау қоюға қатаң тыйым салынды. Бұдан былай балалардың несібесі саналатын қаражатты банктер де, сот орындаушылары да бұғаттай алмайды.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың жәрдемақысынан қарыз өндіру мөлшері шектелді. Енді қарызды қайтару үшін жәрдемақының 25 пайызынан артық соманы ұстап қалуға заңмен тыйым салынады.
Тағы бір үлкен жеңілдік: егер борышкерді жалғыз баспанасынан шығару туралы шешім шықса, оған кемінде 10 күн бұрын ескерту жасалуы міндетті. Ал мерзімі өтіп кеткен құжаттар бойынша қойылған шектеулер бұдан былай адам факторынсыз, яғни жүйе арқылы автоматты түрде алынып тасталады.
Соңғы жаңалықтар