Психоаналитик: Күйеу деген — банкомат емес, ол да — біреудің аялап өсірген баласы

20.07.2026 18:21 Томирис САҒЫНДЫҚ
Психоаналитик: Күйеу деген — банкомат емес, ол да — біреудің аялап өсірген баласы
99
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Танымал психоаналитик Анна Құдиярова ер азаматтардың да психологиялық тұрғыдан осалдық танытып, жан күйзелісіне түсуі заңды екенін алға тартты. Ол қоғамды ер адамдардың ішкі уайымына түсіністікпен қарап, оларға дер кезінде рухани қолдау көрсетуге шақырды. Сонымен қатар, маман онкологиялық дерттердің психосоматикалық табиғатына тоқталып, ауыр аурулардың астарында айтылмаған ішкі шер мен бұғып қалған реніш жатуы мүмкін екенін атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Қасқа жол» бағдарламасына берген сұқбатында айтты.

«Әйел адамның бизнеске бет бұруына келетін болсақ... Менің айтқым келгені — күйеу деген банкомат емес. Ол да — тұлға, ол да — адам, біреудің аялап өсірген баласы. Оның да өзіндік табиғаты, жан дүниесі бар. Сондықтан ол да іштей таусылып, жылауы мүмкін. Осыны түсініп, әйтеуір қалай да бірге болуға, үнемі қолдау көрсетуге тырысыңыздар», — деді Анна Құдиярова.

Сонымен қатар, маман онкологиялық дерттердің психосоматикалық табиғатына тоқталып, ауыр аурулардың астарында айтылмаған ішкі шер мен бұғып қалған реніш жатуы мүмкін екенін атап өтті. Бұған дәлел ретінде ол өз іс-тәжірибесіндегі 23 жасында жеті рет ота жасатқан жас жігіттің күрделі оқиғасын мысалға келтірді.

«Мен онколог емеспін және қазіргі уақытта медициналық тұрғыдан ештеңе айтпаймын. Бірақ қазір менің қабылдауымда жүрген, көзі ашық, білімді бір жігіт бар. Әрине, онколог дәрігер өзінің тиісті ем-домын жасап жатыр. Сонда менің психоаналитик ретінде байқағаным — бұл жігіт бойындағы қатерлі ісік арқылы іс жүзінде өзінің өткен өмірін, ішкі күйзелісін сипаттап жатқандай. Ол — небәрі 23 жастағы жас жігіт. Осы жасына дейін ісікті 7 рет кесіп тастаған, бірақ ол қайта-қайта шығып жатыр. Демек, негізгі проблема — неліктен бұл дерттің қайталана беретіндігінде. Ол жігіттің өзі де ағзасында не болып жатқанын, мұның психологиялық себебін түсіне алмай дал. Мұның себептері әртүрлі. Қазір мен сізге мұны анықтап түсіндіріп берейін. Біз, мысалы, бұл дүниеде өмір сүріп жатқан адамнан белгілі бір әрекеттерді немесе сезімдерді күтеміз ғой. Ал ол қазір дерттің салдарынан іштей таусылып, тіпті сөйлей алмайтын күйге түскен, өткен өміріне өкініп жылайды, ішіндегі сырын сыртқа шығара алмайды. 23 жастағы жігітке 15 жасынан бастап, яғни 7 жыл ішінде 7 рет операция жасалған. Оған не болғанын, бұл күйзелістің қайдан басталғанын ешкім ашып айтпайды. Ол өзі де бұған қарсы, ішкі сырын анасына да тіс жарып айтпаған, тек сабағын оқып, үндемей жүре берген. Ойлап қараңызшы, телефонын алмаса, анасы ретінде қатты қорқасыз ба? Әрине, қорқасыз. Өйткені ана мен баланың арасында үлкен байланыс бар және бала — ана жүрегінің өзегі. Ал бұл жігіттің бар өмірі қазір қыл үстінде тұр. Ол анасын да, әкесін де қатты жақсы көреді. Бірақ оның ішінде үлкен бір қарама-қайшылық пен айтылмаған сыр бар. Ол осы уақытқа дейін ешкімге ештеңе айта алмай, бәрін ішіне жинап келген. Сол іштегі бұғып қалған реніш пен айтылмаған сыр — ақыры осындай ауыр дертке, қатерлі ісікке әкеліп соқтырған, жаным-ау. Сондықтан ол іштей өте қатты қиналады. Көбінесе аурудың психосоматикалық себебі осында жатады», — деді психоаналитик.

Дегенмен, Анна Құдиярова онкологиялық дертке шалдыққан жандарға жалған үміт сыйлаудан аулақ екенін, бірақ олардың жан жарасын жеңілдетуге әрқашан дайын екенін жеткізді.

«Мен жалған үміт беріп, "міндетті түрде толық жазылып кетесің" деп айта алмаймын. Бірақ мен оның жанының жарасын емдеуге, ішіндегі шерін тарқатып, жеңілдетуге көмектесе аламын. Тәжірибемде осындай ауыр күйден кейін қайтадан тәй-тәй басып, екі аптадан соң жүріп кеткен жандар болды. Ол жігіт те үш аптадан кейін есін жиды. Оған дейін көптеген адамдар қаралып, ем қонбай, ауруы асқынып кеткен еді. Дегенмен, адамдар психоанализдің де маңызын түсіне бастады. Ол алдағы уақытта жаны сау болып өмір сүре алады, мен мұны жақсы түсінемін. Тіпті дәрігерлер "үш апталық қана өмірі қалды" деп айтқан күннің өзінде, біз жанның емін табу арқылы адам өмірін ұзартуға септігімізді тигізе аламыз...», — деді Анна Құдиярова

Войдите, чтобы оставить комментарий