Путин мен Әлиев телефон арқылы сөйлесті

24.12.2025 14:36 Арман Ермеков Арман Ермеков
Путин мен Әлиев телефон арқылы сөйлесті
0
285
Фотоколлаж: Politico.kz

24 желтоқсан күні Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Әзербайжан Республикасының басшысы Ильхам Әлиевке қоңырау шалды. Екі ел басшылары одақтастық байланыстың бүгіні мен келешегін кеңінен сөз етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Кремль мен Бакудің ресми мәліметтеріне сүйенсек, әңгіме барысында Владимир Путин әріптесін туған күнімен құттықтап, оған мемлекеттік қызметте толайым табыс пен зор денсаулық тіледі. Ильхам Әлиев көрсетілген құрмет пен жылы лебіз үшін алғысын білдірді.

Тараптар ресей-әзербайжан одақтастық қатынастарын жан-жақты нығайтуға ниетті екендерін айтты. Президенттер екі ел арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларына тоқталып, соңғы кездесуде көтерілген өзекті мәселелерді қайта пысықтады. Сондай-ақ әңгіме ауаны өңірлік күн тәртібіндегі тақырыптарды да қамтыды.

Телефон қоңырауынан бөлек, Кремль басшысы әріптесіне арнайы құттықтау жеделхатын жолдады.

«Құрметті Ильхам Гейдарұлы!

Туған күніңізге орай жолдаған ең шынайы құттықтауымды қабыл алыңыз.

Сіздің басшылығыңызбен Әзербайжан әлеуметтік және экономикалық салаларда жалпыға танылған жетістіктерге қол жеткізіп, халықаралық аренадағы өз ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келеді.

Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар достықтың, тату көршілік пен өзара құрметтің игі дәстүрлеріне негізделген. Бұл байланыстардың алдағы уақытта да Ресей және Әзербайжан халықтарының мүддесіне сай, стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында дами беретініне сенімдімін.

Құрметті Ильхам Гейдарұлы, Сізге зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін. Отбасыңызға жүрекжарды сәлемімді жеткізуіңізді сұраймын», — делінген құттықтауда.

Айта кетерлігі, телефон сұхбатына Әзербайжанның Бірінші вице-президенті Мехрибан Әлиева да қосылды. Мемлекет басшылары алдағы Жаңа жыл мерекесіне орай бір-біріне ізгі тілектерін арнады.

Еске салайық, Ильхам Әлиев 22 желтоқсан күні өтетін ТМД-ның дәстүрлі бейресми саммитіне қатысудан соңғы сәтте бас тартқан болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий