«Путин мен Назарбаевтың байланысы Тоқаевқа қарағанда әлдеқайда терең»: Саясаттанушы Кремльдегі кездесуге баға берді

31.12.2025 10:33 Арман Ермеков Арман Ермеков
«Путин мен Назарбаевтың байланысы Тоқаевқа қарағанда әлдеқайда терең»: Саясаттанушы Кремльдегі кездесуге баға берді
0
412
Фото: Михаил Метцель / ТАСС

Ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов Қазақстанның бұрынғы президенті мен Ресей басшысының жуырда өткен кездесуіне қатысты кең ауқымды сараптама жасап, екі саясаткердің қарым-қатынасындағы ерекшеліктерге тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz

Өткен жексенбі, 28 желтоқсан күні Ресей президентінің баспасөз қызметі Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың Кремльдегі кездесуін хабарлаған болатын. Саясаттанушының пайымдауынша, бұл жай ғана протоколдық кездесу емес, ерекше мәнге ие оқиға.

«Кеше Назарбаев Путинмен бірге ас ішті. Ресей президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар Кремль апартаменттерінің асханасында кешкі ас (бәлкім, түскі ас) ішкен. Бұл жеке іс-шараның қанша уақытқа созылғаны хабарланбады, алғашқы тағамдар ұсынылғанға дейін түсірілген хаттамалық бейнежазба небары 8 секундқа созылды. Есесіне, ТАСС агенттігі: «Мұндай отырыс – зор сенім мен тамаша қарым-қатынастың белгісі. Бұған дейін мұндай құрметке, атап айтқанда, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Беларусь Президенті Александр Лукашенко ие болған», - деп ақпарат беруге асықты.

 

Бірақ олар – қазіргі мемлекет басшылары, ал 85 жастағы Нұрсұлтан Әбішұлы – бұрынғы басшы, қазір ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті деп аталады. Ал «ұлт көшбасшысы», «елбасы» секілді өзге атақтарынан Назарбаев 2022 жылы қаңтардағы қанды оқиғалардан кейін айырылды. Бұл оқиғалар ел ішінде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті ретінде бағаланды. Және үнсіз келісім бойынша Қазақстандағы жұрттың бәрі дерлік бұл әрекеттің артында Назарбаевтық элитаны білдіретін, «Ескі Қазақстан» деп аталатын топ тұрғанын іштей түсінеді. Дегенмен, қазақстандықтардың басым бөлігі қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікті 2019 жылы өзін мұрагер етіп тағайындаған Назарбаевтың қолынан алғандықтан, олардың арасында Тұңғыш Президенттің тиіспеушілігіне кепілдік беретін белгілі бір келісімдер бар екенін де жақсы түсінеді. Тіпті Тоқаевтың президенттік өкілеттіктің бір реттік 7 жылдық мерзімін белгілеген конституциялық өзгерістерден кейін өткен 2022 жылғы президенттік сайлауда мемлекет басшысы мәртебесін растағанына қарамастан, жағдай осындай.

 

Путин Назарбаевпен 2019 жылы билік ауысқаннан кейін де, тіпті 2022 жылғы «Қанды Қаңтардан» кейін де үнемі кездесіп тұрды. Соңғы рет биыл мамыр айында, ал оның алдында өткен жылдың соңында жүздескен.

 

Мұның бәрін қалай бағалауға болады? Бұрынғы кеңестік республикаларда, ал қазіргі ТМД-ға мүше тәуелсіз мемлекеттерде бұрынғы президенттер көп. Грузиядағы Саакашвили сияқты кейбіреулері түрмеде отыр, басқалары да сотталған, бірақ Қырғызстаннан шыққан Бакиев пен Атамбаев немесе украиналық қашқын Янукович сияқты қашып жүр. Арамызда жоқтары да бар... Молдовада елінде қалған Воронин бар...

 

Бірақ ТМД-ның бұрынғы лидерлерінің арасында тек Назарбаев қана Кремльдің ерекше ілтипатына ие. Байқауымызша, кеңестік саясаттың ардагері әрі ТМД тіректерінің бірі саналатын оның физикалық жағдайы жаман емес, менталды саулығына да шағым жоқ. Мәскеу оны КСРО-дан Тәуелсіз мемлекеттер достастығына өту кезеңінің тарихи тұлғасы ретінде ғана емес, ішінара әлі де өмір сүріп жатқан «Ескі Қазақстанның» тірегі ретінде бағалайды. Әрине, Кремль 2022 жылға дейінгідей Қазақстанда екі билік орталығы бар деп танығанын білдіретін кез келген жария қадамдардан бойын аулақ ұстайды. Дегенмен, Путин мен Назарбаевтың қарым-қатынасындағы «химияның» Путин мен Тоқаевтың қарым-қатынасына қарағанда әлдеқайда терең екені анық.

 

Сөйтсе де, бүгінгі таңда ең маңыздысы – Тоқаевтың әлем алдында Орталық державаның лидері ретінде қабылдануы болса керек. Ол Өзбекстанмен бірлесе отырып, әлемдік күш орталықтарынан тең қашықтықты ұстанатын «Орталық Азия» атты жаңа геосаяси құрылымның негізін қалауға ұмтылуда. Бұл Кремльге ұнай ма, жоқ па, дәл қазір Астана мен Ташкент Трамптан 2026 жылы Майамиде өтетін «Үлкен жиырмалық» (G20 - ред.) саммитіне қатысуға шақырту алды. Әрине, Тоқаев пен Мирзиеев ол жерге саммит қожайындары – америкалықтардың қонағы ретінде барады. Ал әзірге жиырмалықтың мүшесі болғанымен, Батыс санкцияларының астында қалған Путинге мұндай шақырту келеді деп елестету қиын...», — деп жазды саясаттанушы Аркадий Дубнов.

Айта кетейік, Путинмен кездесуден соң Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан президентімен телефон арқылы сөйлескені белгілі болды. Сондай-ақ жуырда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұрынғы президентке елден шығуға тыйым салуды ұсынған еді. Ал Ресей президенті Владимир Путин келе жатқан Жаңа 2026 жыл қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаевқа да, Нұрсұлтан Назарбаевқа да арнайы құттықтау хатын жолдады.

 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий