Путин Украина жеңіс күнін бұзады деп қорқады

The Spectator: Путин Украинадан 9 мамырдағы Жеңіс күнін бұза ма деп қорқады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ресей басшысы Владимир Путиннің үш күнге атысты тоқтату туралы ұсынысы биылғы Жеңіс күнінің алдында талай сарапшыны таңқалдырды. Британдық шолушы Марк Галеотти The Spectator басылымында жарияланған мақаласында бұл қадамның түпкі мәнін ашуға тырысты.
Путин 8–11 мамыр аралығында Украинада "барлық әскери іс-қимылдар тоқтатылады" деп мәлімдеді. Ресми түрде бұл "гуманитарлық мақсат" үшін жасалған әрекет делінгенімен, Галеотти бұл мәлімдемені "паранойямен астасқан саяси есеп" деп бағалайды.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің атысты 30 күнге тоқтату ұсынысы мен Дональд Трамптың "тұрақты бітім" туралы үндеуі Кремль тарапынан еленбей отыр. Бұл, автордың пікірінше, Ресей басшысының Вашингтонмен бейбіт келіссөздерден бас тартуға дайын екенін білдіреді.
Басты себеп — Жеңіс күнін тыныш әрі абыроймен өткізу. Кремль үшін бұл мереке — тек тарихты еске алу емес, қазіргі Ресейдің ұлы держава ретіндегі мәртебесін көрсетуге бағытталған маңызды идеологиялық оқиға.
"Путин бұл күнді аруақ шақыру рәсімі секілді көреді. Ол кеңестік сарбаздардың рухын тірілтіп, қазіргі ресейліктерге соғысқа деген құлшыныс дарытқысы келеді", — дейді Галеотти.
Кремль шенеуніктері үшін бұл парад "қасиетті күн". Тіпті ауа райының қолайсыздығынан сақтану үшін бұлттарға құрғақ мұз шашылып, жаңбыр жасанды түрде басқа күнге жылжытылады.
Алайда Украина тарапы бұл символдық күнді қасақана соққы жасау мүмкіндігі ретінде қарастыруы мүмкін. 2023 жылы украиндық дрон Кремльдің төбесінде жарылған, ал соңғы апталарда Киевтің дрон соққылары Мәскеуге дейін жетіп жүр.
Сонымен қатар, генерал Ярослав Москаликтің өлтірілуі украин арнайы қызметтерінің жергілікті жасырын операциялар саласында шеберлігін көрсетіп отыр.
Галеотти пікірінше, атысты тоқтату туралы ұсыныс — Путиннің Киевтің Жеңіс күнін бұза алатынын мойындауы. Үш күндік тыныштық ресейлік ПВО офицерлері мен қауіпсіздік қызметкерлері үшін өте күрделі сынаққа айналмақ.
"Си Цзиньпин бомба панасына тығылатын жағдай болмауы мүмкін, бірақ Ресейдің қорғаныс жүйесі бірнеше күн бойы шиеленісте жұмыс істейтін болады. Бұрын тек жаңбырдан қорқатын еді, енді дроннан да қорқу керек", — деп түйіндейді The Spectator шолушысы.
Соңғы жаңалықтар





