“Путиннің саясаты — Тоқаевты сәл қорқыту”: Экс-сенатор Назарбаевтың Мәскеуге бару себебін топшылады

Экс-сенатор Уәлихан Қайсаров Назарбаевтың Мәскеуге баруы туралы өз ойын айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Qasqa jol YouTube арнасында экономист, экс-сенатор, президенттікке бірнеше рет үміткер болған Уәлихан Қайсаров сұхбат берді.
Журналист қоғам белсендісінен Назарбаевтың Ресейге сапары туралы сұрады. Айта кетейік, 4 күн бұрын Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл туралы 29 мамырда Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтты. Уәлихан Қайрсаров Назарбаевтың Мәскеуге бару себебін талқылаған көп сарапшының пікірін тыңдапты.
«Менің ойым басқаша. Назарбаевты Путиннің өзі шақырған. Ал Назарбаев мүмкіндікті пайдаланып өзінің де мәселелерін айтып алған болар. Оны нақты білмейміз. Ол туралы ешкім айтқан да жоқ, жарияламады да. Ал Путин Назарбаевты не үшін шақырғанын айтайық. Қазіргі Тоқаевтың жүргізіп жатқан саясаты Ресейден қашықтау. Қытаймен қарым-қатынасты жақындатып жатыр. Түркиямен, Орта Азиямен жақын араласып, Ресейдің ықпалы қалып бара жатыр. Путиннің саясаты-Тоқаевты сәл қорқыту. Өйткені Назарбаевтың ақшасы көп, жүйені түгел ауыстыруға. Ақшасы елге бүлік салуға жеткілікті. БАҚ-та жеткілікті. Сол үшін Назарбаевтың атқаратын рөлі әлі аз емес. Путин Тоқаевқа жұдырық көрсетіп қойып жатқан секілді. «Егер сен Ресейден алыстайтын болсаң, сені тақтан алып тастайтын күш бар» деп. «Билік жалғыз сенде ғана емес», дегенге келтірді”, - дейді экс-сенатор.
Алайда Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге сапары жайлы баспасөз хатшысы Айдос Үкібай түсініктеме берді.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапарының жеке, бейресми сипатта болғанын хабарлаймыз. Қазақстанның тұңғыш президентін Ресей президенті Владимир Путинмен көпжылдық достық қатынастар байланыстырады. Бұл байланыстар мемлекеттік өкілеттіктердің бар-жоғына қарамастан сақталып отыр», —деп жазды Айдос Үкібай.
Сондай-ақ, Үкібай экс-президент әлемдік көшбасшылармен үнемі байланыста екенін атап өтті.
«Телефон арқылы сөйлесіп, жеке хат-хабар алмасып, кездесу өткізеді. Бұл тек Ресейге ғана емес, Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь және басқа да мемлекеттерге қатысты. Мемлекеттік қызметте жоқ беделді саяси қайраткерлермен жеке кездесулер – қалыпты дипломатиялық тәжірибе. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен күні Ресей президенті Жапонияның марқұм премьер-министрі Синдзо Абэнің жесір әйелі Акиэ Абэмен де кездескен болатын», —деп жазды Айдос Үкібай.
Соңғы жаңалықтар





