Путиннің айналасындағы әйелдер көлеңкеден шығып, билік мұрагерлігі үшін күреске кірісті

Путиннің айналасындағы әйелдер көлеңкеден шығып, билік мұрагерлігі үшін күреске кірісті
13.03.2025 14:59
0
359
The Times
Путиннің айналасындағы әйелдер билікке ұмтылуда – The Times

Ресей президенті Владимир Путиннің жақын туыстары соңғы уақытта билікке араласып, маңызды лауазымдарға тағайындала бастады, деп хабарлайды POLITICO.KZ британдық The Times басылымына сілтеме жасап.

Ресей президентінің туыстары елдегі неоцаризм жағдайын пайдаланып, саясатқа араласа бастады. Бұл олардың басын үлкен дауларға қалдырды.

Әскери салада ешқандай тәжірибесі болмаса да, Анна Цивилева Ресейдің Украинадағы соғыс жағдайында қорғаныс министрлігінде жоғары лауазымға ие болды. Былтыр маусым айында оның қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалуының басты себебі – Путинге туыстық жақындығы болса керек.

52 жастағы Цивилева – президенттің немере ағасы Евгений Путиннің қызы. Соңғы бір жыл ішінде Путиннің отбасы мүшелерінің жоғары лауазымдарға тағайындалуы жиілеп кеткен. Мұны сарапшылар Ресейдің неоцаризмге қарай жылжуының белгісі дейді.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің барлау есебінде Цивилеваның қызметке тағайындалуы «тіпті Ресейдің жемқорлыққа көз жұма қарайтын қоғамы үшін сынақ» деп аталды. Сондай-ақ, бұл жағдай «ресейлік элитаның жабық әрі оқшау болып бара жатқандығының нақты белгісі» ретінде бағаланды.

Цивилеваның тәжірибесіздігі желтоқсан айында анық байқалды. Мемлекеттік Думада сөйлеген сөзінде ол Украинада кем дегенде 48 мың ресейлік сарбаздың із-түзсіз жоғалғанын кездейсоқ жариялап қойды. Бұдан кейін оған мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін ақырын ғана ескерту жасалды.

Парламенттің қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполов оған былай деді: «Өтініп сұраймын, бұл жоғалған адамдар туралы сандарды енді еш жерде атамаңыз. Бұл өте жабық әрі құпия ақпарат. Құжаттар дайындаған кезде де осы сандар еш жерде көрінбеуі тиіс».

Осы аптада Цивилева бұдан да күрделі мәселеге тап болды. Тәуелсіз «Агентство» басылымының журналистік зерттеуінде айыпталушылардың Цивилева басқаратын ардагерлердің мемлекеттік қорына ақша аударып, есесіне жазаны жеңілдетіп отырғаны әшкере болды.

«Агентство» басылымының мәліметіне сәйкес, соңғы уақытта қорға ақша аударғандар арасында Мәскеулік адвокат Геннадий Удулян бар. Ол мейрамханадағы төбелес пен тергеу изоляторының инспекторына пара бергені үшін 5 жылға сотталған. Тағы бірі – Ресей темір жолының қызметкері Алексей Белянкин. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін айыпталып, бірақ кейін тек қызмет бабын теріс пайдаланғаны үшін айыппұлмен құтылған.

Цивилева қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалардан он күн бұрын Путиннің екі қызы – 39 жастағы Мария Воронцова мен 38 жастағы Катерина Тихонова Петербургтегі экономикалық форумда сөз сөйлеп, саяси сахнаға шыға бастады.

Қаңтар айында дәрігер-эндокринолог Мария Воронцова Ресейдегі адам өмірінің құндылығы туралы ерекше сұхбат берді. Оның Путиннің қызы екені сұхбатта айтылмады, ал Путин өзі ешқашан Воронцова мен Тихонованы қыздарым деп ашық мойындаған емес.

«Путин туралы сөйлесуіміз керек» кітабының авторы Марк Галеоттидің айтуынша, Путиннің отбасы мүшелерінің танымалдығының артуы – мұрагерді дайындаудан гөрі, Украинадағы соғыстан кейін Ресейдегі биліктің Путиннің жеке тұлғасына тәуелді болып, царизм белгілерінің күшеюінің салдары.

«Егер бұл туыстар өмірлерін алтын торда өткізгісі келмесе, олар карьера жасай бастайды. Ал мұндай жүйеде сіздің мансабыңыз бен беделіңіз «заманауи патшамен» байланысыңызға қарай өседі. Сондықтан оларды бұрын жасырын ұстау әрекеті табиғи емес еді», – дейді Галеотти.

Путиннің отбасы туралы жиі жазып жүрген BBC News Russian журналисі Елизавета Фохттың айтуынша, әскери қақтығыс президенттің туыстарының саяси сахнаға шығуына ыңғайлы жағдай жасады.

Carnegie Politika сайтындағы мақаласында ол былай дейді: «Путиннің алыс туысының қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалуы ашық түрде «тамыр-таныстық» болып көрінеді. Бірақ Ресей Батыспен текетіреске түсіп, Донбасс қалаларын басып алып жатқан кезде жемқорлыққа назар аударатын уақыт бар ма?»

Олимпиада чемпионы, гимнастшы, 41 жастағы Алина Кабаева соңғы кездері ерекше назарға ілікті. Айтуларынша, оның Путиннен төрт баласы бар.

Оның президентпен байланысы он жылдан бері ашық құпия саналады, бірақ ұзақ уақыт ол көпшілік алдына сирек шығатын.

2022 жылы Кабаева мемлекеттен мол қаржы бөлінген «Аспан әсемдігі» («Небесная грация») гимнастика академиясын құрған соң, телеарналарда жиі көріне бастады. Былтыр ол Казаньда өткен БРИКС ойындарына академияның командасын жаттықтырушы ретінде қатысты.

Сол жарыста ол бұрынғы бапкері Ирина Винер басқаратын Ресей ұлттық құрамасымен тікелей бақталас болды. Төрешілер Кабаеваның шәкірті Мария Борисованы жеңімпаз деп танып, Винердің шәкірті Лала Крамаренконы екінші орынға қойды.

BBC-дің куәгерлерден алған дерегіне сәйкес, Винер трибунадан Кабаеваға: «Сенің Машаң барсын ***», – деп айғайлаған. Бұл дөрекі сөз тегін кетпеген сияқты. Өткен айда Ирина Винер 24 жылдан кейін Ресей құрамасының бас бапкері қызметінен кететіні жарияланды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий