Семейде медицина қызметкерін қорлаған ер адам ұсталды

Семейде медицина қызметкерін қорлаған ер адам ұсталды
Фото: adukar.com

Семей қаласында аурухана қызметкеріне дөрекілік көрсетіп, балағат сөздер айтқан ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот шешімімен оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Оқиға қалалық ауруханалардың бірінің неврология бөлімінде болған. Медициналық мекемеде жүрген ер адам жұмыс орнындағы қызметкерге тіл тигізіп, әдепсіз сөздер айтқан. Аурухана персоналы оны тәртіпке шақыруға тырысқанымен, ол ескертулерге құлақ аспаған.

Абай облысының соты мәлімдегендей, ер адамның медицина қызметкеріне қатысты құрметсіздік танытып, заңды талаптарға бағынбағаны іс материалдарымен расталған.

Сот оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Сондай-ақ шешім қабылдау кезінде оның бұған дейін де әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны ескерілген.

Айта кетейік, Қазақстанда медицина қызметкерін қызметтік міндетін атқару кезінде балағаттау, әдепсіз қылық көрсету немесе қорлау 30 АЕК көлемінде айыппұл салуға не 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Ал мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 15 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу