«Қамап тастады»: Руслан Өтепбай шұғыл мәлімдеме жасады
Алматыдағы Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханның ісін жазуға келген БАҚ өкілдері сот қызметкерлерінің өз жұмыстарына тұрпайы түрде кедергі келтіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналист Руслан Өтепбайдың сөзіне қарағанда, сот ғимаратындағы мамандар ресми өкілдерді арнайы бөлмеге қамап, сыртқа шығармай қойғандықтан, тілшілер қауымы отырыс аяқталғаннан кейін айыпталушыдан пікір алу мүмкіндігінен айырылған. Дәл осындай келеңсіз жағдайдың екі күн қатарынан қайталанғанын алға тартқан журналистер оқиға орнында түсірілген бейнежазбаны әлеуметтік желіде жариялады.
«Алмалы ауданаралық сотының қызметкерлері журналистердің құқығын шектеп, бізді сот ғимаратынан шығармай, кәсіби қызметімізге кедергі келтірді. Бұл жағдай кеше де болған, бүгін тағы қайталанды. Біздіңше, мұның мақсаты – журналистердің Әділетханнан сұхбат алуына мүмкіндік бермеу», – деді Руслан Өтепбай.
Айта кетерлігі, соңғы үкім кесілуі тиіс болған бұл отырыста мемлекеттік айыптаушы тарап күтпеген жерден жаңа айыптау актісін ұсынды. Осының салдарынан блогерге тағылған айып ауырлатылып, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 274–бабының 3–бөлігіне, яғни ірі залал келтіруге әкеп соққан көрінеу жалған ақпарат тарату бабына қайта сараланды.
Соңғы жаңалықтар