Қамауға алынған депутаттың компаниясы 1,4 млрдқа салынған жолды қайта жөндейтін болды

09.04.2026 15:04 Арман Ермеков
Қамауға алынған депутаттың компаниясы 1,4 млрдқа салынған жолды қайта жөндейтін болды
458
|Фото: instagram/Дмитрий Сомов

Шығыс Қазақстан облысында сот пара берді деген күдікпен ұсталған депутаттың компаниясын сапасыз жасалған жолды қайта жөндеуге міндеттеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Ұлттық қауіпсіздік комитеті пара берді деген күдікпен ұстаған облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Сомовтың компаниясына қатысты шешім шығарды.

Депутат пен оның әйеліне тиесілі «Востоквзрывпром» серіктестігі Алматы – Өскемен – Шемонаиха – Ресей шекарасы тасжолындағы жөндеу жұмыстарының олқылықтарын өз есебінен түзеуге тиіс.

Сот құны 1,4 млрд теңгеден асатын жобаның 30 учаскесінен ақау тапқан. Деформацияға ұшыраған және шөккен асфальт жабындысының жалпы аумағы 45 мың шаршы метрден асады. Бұдан бөлек сот шешімімен мердігер мекемеден «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының пайдасына 26,9 млн теңге тұрақсыздық айыбы өндірілді, ал соттың бұл шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сүйенсек, жөндеу жұмыстарына қатысты келісімшарт 2024 жылдың тамыз айында жасалып, компания істі 4 ай ішінде аяқтауға міндеттелген. Аталған жол Жетісу облысының Кербұлақ ауданы арқылы өтетін республикалық маңызы бар желіге жатады және мердігердің атқарған жұмысына 24 ай кепілдік берілген.

Еске салайық, жол құрылысымен айналысып, ірі тендерлерді жиі ұтып келген «Востоквзрывпром» компаниясының құрылтайшысы Дмитрий Сомовты жақында құзырлы органдар жемқорлық күдігімен ұстаған болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий