Қанат Айтбаев: Димаш — алған бетінен қайтпайтын өте өткір жігіт
Белгілі мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев Димаштың болмысы мен мінез ерекшелігі, бала кезден қалыптасқан асқақ арманы және әке мен бала арасындағы шығармашылық байланыс туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Хабар» арнасына берген сұқбатында айтты.
«Димаштың кішкентай күнінен бастап масштабы да, сұранысы да, көкжиегі де өзгеше, әлемдік деңгейде болды. Ол бала кезінде сурет салғанды жақсы көретін. Сурет салғанда үнемі үлкен сахнаны, онда тұрған үлкен музыкалық аспаптарды бейнелеп, дәл ортасына кішкентай қылып өзін салатын. Сосын: "Мынау — мен. Мен әлемдік сахналарда ән айтатын боламын. Дүниежүзінің бүкіл елін аралаймын", — деп үнемі айтып отыратын. Кішкентайынан бастап өзі де соған сенді, оған біз де сендік. Менің ұққаным — баланың арманына сену керек екен, оның қанатын қақпау керек. Біз кішкентай кезде, советтік дәуірде өскендіктен бе, ауқымымыз, шеңберіміз ары кетсе республикалық деңгеймен шектелетін шығар. Ал Димаштар өмірге келгенде ел тәуелсіз, еркін еді. Егемен мемлекетте дүниеге келгендіктен, олардың өмірлік көкжиегі мен кеңістігі мүлдем басқа», — деді Қанат Айтбаев.
Сонымен қатар, ол ұлының шығармашылық таңдауына ешқашан қарсы келмейтінін, керісінше, оны әрдайым қолдайтынын жеткізді.
«Әркімнің туа біткен өзіндік мінезі болады. Димаш — алған бетінен қайтпайтын өте өткір жігіт. Былай мінезі жұмсақ, мейірімді болғанымен, бір нәрсені мақсат тұтса, соны соңына дейін жеткізбей қоймайды. Кейбір адамдар: "Димашқа бәрін біреулер дайындап береді, ол тек айтқанмен жүреді", — деп ойлайды екен. Маған сондай хаттар да келеді. Бірақ ол мүлдем олай емес. Димаш өзінің айтқысы келген әнін ғана айтады. Әннің аранжировкасынан бастап, бүкіл құрылымы мен структурасын өзі жасайды, өзі қалай көреді — солай жеткізеді. Сахналық қойылымына, әрбір аспаптың қалай ойнауына, сөзінің қандай болуына және концерттің режиссурасына дейін бәріне өзі тікелей араласып, өз дегенімен істейді. Ол басқа біреудің жетегімен жүрмейді. Біз оған өз пікірімізді айтамыз, ол тыңдайды. Бірақ менің балаларға "былай болсын" деп кесіп айтуға ешқандай құқығым жоқ. Өйткені әр заман адамдарының көзқарасы мен талабы әртүрлі. Біздің заманмен салыстырғанда, олар бізден 20-25 жыл алда келеді, сондықтан қазіргі өскелең ортаның көзқарасымен үндесуіміз керек деп ойлаймын. Димашты, оның құрбылары мен әріптестерін тыңдағанда, қазіргі жас толқынның көзқарасы бізден әлдеқайда озық екенін анық сеземін. Сондықтан "мен әкемін" деп кесіп айтқанымыз дұрыс емес. Өз әкем де үнемі: "Бала өмірге келгенде әкеге жете туатын, әкеден өте туатын немесе әкеден кері кете туатын бала болады. Бала әкесінен озып, өте тууы керек", — деп айтып отыратын. Қазір неше түрлі интернеттік жүйелер, жасанды интеллект пайда болды, біздің заманда оның бірі де болған жоқ. Ал бұл балалар қазіргі заманның білімін бойына тез сіңіріп, жылдам игереді. Біз өмірлік тәжірибеміз бен ақылымызды айтуымыз мүмкін, бірақ балалар алға жол салып, бізді алға сүйреп бара жатыр», — деді мәдениет қайраткері.
Бұдан бөлек, ол әр адамның талғамы әртүрлі екенін алға тартып, Димаш өзінің шығармашылығы арқылы ішкі жан дүниесі мен болмысын көрсетуге ұмтылатынын атап өтті.
«Маған: "Димаш неге бүйтпейді, неге жеңіл, тойдың әндерін айтпайды, олар халыққа тез өтеді ғой", — деп жазатындар көп. Бірақ бұл әр адамның ішкі жан дүниесіне, талғамына байланысты. Әркім өзінің жақсы көрген дүниесін ұсынады. Өмірде елдің бәріне бірдей бір ғана қыз ұнайтын болса, әлемдегі бүкіл жігіт сол қыз үшін соғысар еді ғой. Сол сияқты, әркімнің өз талғамы, өмірлік көзқарасы мен жүрек қалауы бар. Әр өнерпаз өзінің аудиториясын тауып, өнерін қалыптастырады. Димаш та өз бағытын, ұстанымы мен көзқарасын әндері арқылы жеткізіп, өз аудиториясын құра білді. Әрине, оның шығармашылығы көпшілікке ұнайды, бірақ кейбір адамдарға ұнамауы да мүмкін — ол да өмірдің заңдылығы. Сондықтан біреулер үшін өте керемет өнер болып көрінген дүниеге, басқа біреу: "Мынадан да әнші шыға ма?" — деп қарауы мүмкін. Мұндай пікірлерді де қалыпты қабылдаймын, өйткені бұл — әркімнің жеке көзқарасы. Уақыт өте келе әркімнің пікірі өзгеруі де, өзгермеуі де мүмкін, бұл — табиғи нәрсе», — деді Қанат Айтбаев.
Соңғы жаңалықтар