Қанат Айтбаев: Қызым ұзатылған соң, 3-4 күн сөйлей алмай жүрдім

09.09.2026 18:14 Томирис САҒЫНДЫҚ
Қанат Айтбаев: Қызым ұзатылған соң, 3-4 күн сөйлей алмай жүрдім
113
Фото: raushan_kudaibergen

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі продюсер Қанат Айтбаев сұхбат беріп, адам өміріндегі белестер мен перзент өсіріп, ұядан ұшыру кезеңіндегі әкелік сезімін бөлісті. Оның айтуынша, әр жас ерекшелігінің өзіндік мақсаты мен қуанышы бар, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы әнші Қанат Айтбаев "Қазақстан" арнасына берген сұқбатында әңгімеледі. 

«Абай атамыз: "Адамның бір қызығы бала" — дейді ғой. Жалпы, адам өмірінің төрт кезеңі бар деп ойлаймын: 20 жасқа дейін, 40 жасқа дейін, 60 жасқа дейін және 80 жасқа дейін. Адамның сондай әр кезеңде өзіндік жоспары, арманы мен мақсат-міндеті болады. 20 жаста дүниені төңкеріп тастайтындай, алда ғылым мен білімнің көкжиегін бағындыратындай жалындап тұрасың. Сөйтіп уақыт өте береді екен. 50-ден асқаннан кейін қыз ұзататын, ұл үйлендіретін жасқа да жетіп қалдық. Оның да өзіндік әдемі қызығы бар: айналаңда құда-құдағилар көбейіп, өрісің кеңейіп, екінші тынысың ашылғандай болады», — деді Қанат Айтбаев.

Әнші қызын ұзатқан кездегі ішкі толқынысы мен әкелік тебіренісін де жасырмады. Ол перзентті ұядан ұшыру сәті кез келген әке үшін оңайға соқпайтынын атап өтті.

«Дегенмен, "Қыз ұзатамыз" деген хабар келген кезде кез келген әкенің жүрегінде түрлі толқынысты сезімдер болады екен. Өйткені кішкентайынан өсіріп, мәпелеп, әлпештеп, алақаныңа салып өсірген перзентіңнің бәрі де көз алдыңнан тізіліп өтеді. Кез келгенде өзіміз де біреудің қызын алып кеткенімізді бір сәтте ұмытып, дүниенің бәрі күңгірттеніп кеткендей болады. Қызың кетерде үйіңнен көктем өтіп бара жатқандай әсерде болады екенсің. Әсіресе, өнер адамы, шығармашылық иесі болғандықтан ба, маған солай сезілген шығар. Қызым ұзатылып кетіп қалған кезде, бәрі босап қалғандай болып, 3-4 күнге дейін сөйлей де алмай жүрдім. Бұл — әрине, бақыт қой. Жақсы теңін тауып, қуанышқа кенелу — көңілдегі толқынысты сәттер. Ең бастысы — теңін тауып, өзінің болашағына қадам жасағаны үлкен бақыт», — деді өнер иесі.

Сонымен қатар, Қанат Айтбаев күйеу баласының сырт келбеті өз жастық шағын еске түсіретінін айтты.

«Әркім өзінің ата-анасына ұқсайды ғой. Дегенмен, күйеу баламның сыртқы келбеті, сұлбасы, сол кездегі жұқалығы менің жас кезіме келіп қалатын шығар. Мен тіпті қызыма: "Ол менің өзімнің жастық шағымдағы пошымыма келеді екен", — деп айтқан едім», — деді Қанат Айтбаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий