"Қаңғыған әртіс деген атқа қалмай". Саят Медеуов өкініші туралы айтты

15.09.2026 19:29 Томирис САҒЫНДЫҚ
44
Фото: видеодан скриншот

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Саят Медеуов қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ойын бөлісті. Өнер иесі қазіргі ұрпақ тәрбиесі, жастардың үлкенді сыйлау әдебі мен өзінің басынан өткен өкініштері туралы ашық айтты. Сонымен қатар ол бүгінгі қоғамдағы құндылықтардың өзгеруіне тоқталды деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы әнші "Мың бір түн" бағдарламасында әңгімеледі. 

Әнші сөзінде қазіргі ата-аналардың бала тәрбиесінде кезігіп жатқан басты қиындықтарына кеңінен тоқталды. Ол цифрлық технологиялардың балалар мінез-құлқына тигізетін теріс әсерін тілге тиек етті. Сонымен бірге бұрынғы буын мен қазіргі жастардың арасындағы алшақтықты салыстырды.

«Ұл-қызымызды қалай тәрбиелеп жатырмыз?» деген сұрақ жиі ойландырады. Шыны керек, бұл — тек менің ғана емес, бүкіл қазіргі жастардың басындағы жағдай. Баланы дұрыс тәрбиелей алмай жатқан ата-ана өте көп. Балалардың қолынан телефонды ала алмаймыз, бір жерге жұмсасаң, айтқанды орындамайды. Сондай жайттарды көргенде: «Біздің әке-шешелеріміз бізді қалай тәрбиеледі екен?» деп ойланасың. Бұрын ағаларымыз немесе әкеміз бірдеңе айтса, жүгіріп барып, айтқанын дер кезінде орындайтын едік. Ал қазір бедірейіп отырған баланы немесе кекірейіп отырған келінді көресің. Оларға қарап отырып: «Бұлардың тәрбиесі қалай болып кеткен?» деп таңғаласың. Әрине, ешкім баласы жаман болсын деп тәрбиелемейді ғой. Бірақ «неге мұндай күйге түстік?» деген қорқынышты ойлар мазалайды», — деді әнші.

Сондай-ақ Саят Медеуов жастар арасында қарапайым амандасу әдебінің сиреп бара жатқанына қынжылыс білдірді. Ол үлкенге құрмет көрсету мен кішіге ізет білдіру сияқты ұлттық тәрбиенің әлсіреп бара жатқанын атап өтті. Мұны дәлелдеу үшін өнер иесі жуырда өзі куә болған нақты оқиғаны мысалға келтірді.

«Бүгінде бір жерге кірсең, жап-жас балалар, әнші қыздарымыз пен жігіттеріміз, ансамбльде істейтін өнерпаздар көріп тұрса да, сәлемдесуді білмейді. Неге олай болып кеттік? Тәрбиеміз дұрыс емес пе, әлде басқа себеп бар ма? Бұған менің ақылым жетпейді. Кеше Балқашта бір топ жастарға ұрыстым: «Неге кірген жерлеріңе сәлем бермейсіңдер? Егер қазір үлкенге сәлем бермесеңдер, ертең сендерден кейінгілер де сендерді сыйламайтын болады. Үлкенге сәлем беруден бастасаңдар, кейінгі ұрпақ та соны қайталайды», — дедім», — деді Саят Медеуов.

Әнші бұл мәселенің тек өзгелерге емес, өзінің шаңырағына да тікелей қатысы бар екенін ашық мойындады. Ол өз балаларына беріп жатқан тәрбиесіне сыни көзбен қарап, іштей алаңдайтынын жасырмады. Өнер иесі балаларының үйдегі және көшедегі мінез-құлқының айырмашылығы туралы да тоқталды.

«Балаларыма дұрыс тәрбие бере алып жатырмын ба, жоқ па — соны білмеймін, іштей қорқыныш болады. Олар маған сәлем береді, ал көшеде елге сәлем бере ме, бермей ме, білмеймін. Үйде бәріміз тынышпыз ғой, бірақ сыртқа шыққанда балаларымның өзін қалай ұстайтыны ойлантады. «Балаларым сыртта елге сәлем беріп, дұрыс жүре ме екен?» деген алаңдаушылық үнемі болады», — деді әнші.

Өнер иесі жастық шағын еске алып, өткен күндеріне көз жүгіртті. Мүмкіндік болса, басқа мамандық саласын таңдап, қоғамға басқа қырынан пайда келтіруге болатынын айтты. Сонымен қатар ол өнер жолындағы еңбегін толық теріске шығармай, кәсіби таңдауы туралы салмақты ой қозғады.

«Шіркін, 14-15 жастағы кезіме қайта оралар едім. Әке-шешемнің аман-сау кезі, қалаға жаңа келген шағым еді. Сол кезде мамандықты дұрыс таңдап, білімге көбірек көңіл бөлсем етті деген ойлар келеді. «Қаңғыған әртіс» деген атқа қалмай, елге пайдасы тиетін басқа да жақсы салада қызмет етсем арман жоқ еді. Мүмкін, ән айтпай, мүлдем басқа, дұрысырақ жолды таңдар ма едім? Әрине, әншіліктің де жамандығы жоқ, бұл салада да жаныңды салып еңбек етесің, мұның да өз орны бар. Дегенмен мұнан да жоғары, елге пайдалырақ іспен айналысқанда қалай болар еді деген ойлар да мазалайды», — деді әнші.

Войдите, чтобы оставить комментарий