Қаңтар оқиғаларына қатысты тың деректер: Дикий Арман мен Ысқақовтың жоспары

Қаңтар оқиғаларындағы басты ұйымдастырушылардың бірі болған Дикий Арман ретінде танымал Арман Жұмагелдиев, ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері Руслан Ысқақов және экс-депутат Қайрат Құдайберген туралы жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға байланысты өткен сот барысында тың деректер жарияланды. Сот анықтамасына сәйкес, 2016 жылы Руслан Ысқақов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаменті бастығының орынбасары болған кезінде Арман Жұмагелдиевпен байланыс орнатып, оның қылмыстық әрекеттеріне қолдау көрсеткен.
"ҰҚК-нің қорғауында болған Жұмагелдиев қылмыстық ұйым құруды қолға алып, Қазақстан мен шетелдерде өз ықпалын кеңейтуді мақсат етті. Оның бұйрығымен ұйым мүшелері бірнеше қылмыстық әрекеттер жасады," – делінген сот мәлімдемесінде.
2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде Жұмагелдиев пен оның жақтастары Алматыдағы "Қазақстан" қонақүйінде штаб құрып, сол жерден жаппай тәртіпсіздіктерді басқарған. Олар жиналған адамдарды билікке қарсы талап қоюға шақырып, бүлік ұйымдастырған.
Сотта Ысқақовтың банданы заңсыз әрекеттерден қорғап, басқа қылмыстық топтарды жоюға көмектескені айтылды. Сонымен қатар, бүлік кезінде адамдарды заңсыз ұстау, ұрып-соғу және мүліктерін тартып алу фактілері де баяндалды.
Ақпарат informburo.kz сайтынан алынған.
Соңғы жаңалықтар




