Қақпашы Темірлан Анарбеков «Халықтың Сүйіктісі-2025» сыйлығына үміткер атанды

«Қайрат» футбол клубын Чемпиондар лигасына шығарған қақпашы Темірлан Анарбеков «Халықтың сүйіктісі-2025» ұлттық сыйлығына үміткер атанды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, лауреаттарды анықтайтын алғашқы дауыс беру кезеңі 13 қазанда басталып, 24 қазанға дейін жалғасады. Биыл бұл марапатқа Темірлан Анарбековпен қатар белгілі дәрігерлер, боксшылар, журналистер мен депутаттар да үміткер болып отыр.
«Үміткерлер қатарында белгілі спортшылар – Темірлан Анарбеков, Давид Дегтярев, Назым Қызайбай, Төрехан Сабырхан; дәрігерлер – Алексей Белокобылов, Мынжылқы Бердіходжаев; ғалымдар – Күнсұлу Закарья, Анатолий Плешаков; тележүргізушілер – Ерқанат Көпжасар, Әкерке Бектас, Камила Жүсіпова; депутаттар – Бақытжан Базарбек, Ермұрат Бапи, Асхат Аймағамбетов және қоғам белсенділері – Зауреш Баталова, Сергей Цирюльников және тағы басқалар бар», - деп хабарлайды ұйымдастыру комитеті.
Жалпы, биыл ұлттық сыйлықтың 11 негізгі номинациясы бекіген. Facebook желісіндегі ашық ұсыныстарға сай, мына номинациялар бекіп отыр:
Жылдың мұғалімі
Жылдың ғалымы
Жылдың дәрігері
Жылдың мәдени жобасы
Жылдың тележүргізушісі
Жылдың спортшысы
Жылдың параспортшысы
Жылдың парламентшісі
Жылдың қоғам қайраткері
Жылдың жастар көшбасшысы
Жылдың медиа-тұлғасы
«Қазақстандықтар 2025 жылғы 13–24 қазан аралығында сыйлықтың Facebook-тегі ресми парақшада бірінші кезең аясында дауыс бере алады. Осы кезең қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинаған төрт үміткер Short List (финал) тізіміне енеді. Финалда халық ұлттық сыйлықтың ресми сайтында таңдау жасай алады», - деп хабарлайды ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, былтыр осы ұлттық сыйлықты Халық әртісі Димаш Құдайберген төртінші рет жеңіп алған еді.
Соңғы жаңалықтар




