Қарағандыда 15 жастағы қызды күйеуге бергендердің соты басталды

Қарағандыда 15 жастағы қызды күйеуге бергендердің соты басталды
30.09.2025 08:28
0
367

Қарағандыда 15 жастағы қызды күйеуге бергендердің соты басталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.

Қарағандыда 15 жастағы қызды діни некемен 38 жастағы ер адамға тұрмысқа бергендерге қатысты шулы істің соты басталды. Сотталушы орындығында кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталған күйеу жігіт отыр. Алайда, жәбірленуші қыздың туған әкесі бұрынғы әйелі мен оның қазіргі күйеуін де жауапқа тартуды талап етеді. Іс жабық режимде қаралып жатыр.

Қайғылы оқиға қалай болған еді?

Оқиға осы жылдың наурыз айында болған. 15 жастағы қыздың анасы мен өгей әкесі оны өгей әкесінің 38 жастағы досына шариғат заңымен әйелдікке берген. Осыдан кейін күйеуі қызды төрт күн бойы қамауда ұстап, бірнеше рет зорлаған.

Төрт күннен кейін қыз оның қолынан қашып шығып, туған әкесіне жеткен. Әкесі бірден полицияға арыз жазған. Күдікті Қарағандыдан қашып кетпек болған жерінде ұсталды.

Анасы мен өгей әкесі неге жауапқа тартылмайды?

Қазіргі уақытта қыздың анасы мен өгей әкесі бұл істе тек куәгер ретінде өтіп жатыр. Алайда, қыздың туған әкесі бұл жағдаймен мүлдем келіспейді.

«Анасы мен өгей әкесі неге куәгер ретінде өтіп жатыр? Неліктен оларды қылмыстық жауапкершілікке тартпайды, мен түсінбеймін! Бұл өгей әкесінің ескі досы. Ол досына менің қызымды ұсынған. Бұл жеңгетайлық емес, бұл – сутенерлік!» — дейді қыздың әкесі.

Сотта кім айыпталып жатыр?

Қазіргі таңда сотта 38 жастағы күйеу жігіт кәмелетке толмаған баланы зорлау бабы бойынша айыпталуда. Егер оның кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін қорғаншылық бөлімі анасы мен өгей әкесін ата-ана құқығынан айыру туралы сотқа талап арыз берген болатын. Алайда, сот бұл талапты қанағаттандырмады. Оған олардың екі ортақ баласының болуы және әйелдің үшінші баласына жүкті болуы себеп болған.

Еске салайық, 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлеуге қатысты жаңа заңнамалық нормалар қолданысқа енгізілді

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий