«Қарапайым құдалар»: Боранбаев Назарбаевтармен туыстық қарым-қатынасы туралы не дейді
Қайрат Боранбаев Zamandas подкастында Назарбаевтармен туыстық қарым-қатынасы туралы айтып өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол 2013 жылы қызы мен президенттің немересі үйленгеннен кейін мүдделер қақтығысын болдырмау үшін «ҚазРосГаз» компаниясындағы қызметінен өз еркімен кеткенін түсіндірді.
Боранбаев Назарбаевтарды «қарапайым құдалар» деп атап, арадағы қарым-қатынас қазақы дәстүрлер аясында құрылғанын жеткізді.
«Мен қызметтен кеттім, себебі қызым президенттің немересіне тұрмысқа шықты. Сондықтан бұл шешімді өзім қабылдадым. Мені ешкім жұмыстан шығарған жоқ. Мұның бәрін өзімді белгілі бір туыстық қарым-қатынастармен байланыстырмас үшін жасадым.Ол кезде туыстардың бірге жұмыс істеуіне қатысты заң да, арнайы шешімдер де болған. Осыны ескеріп, мен өз еркіммен кеттім. Бұл жерде ешқандай мәселе болған жоқ. 2013 жылы қызым тұрмысқа шықты. Той қазан айында өтті. Мен бұл туралы бірден айттым да, желтоқсан айында қызметтен кеттім», - деді Боранбаев.
Подкаст жүргізушісі Қанат Бейсекеев Боранбаевтан күйеу бала «президенттің немересі» болады дегенді қалай қабылдадыңыз деп сұрады. Ол отбасылық мәселелерді көпшілікке жария етпеуді жөн көретінін айтты.
«Бұл — өте жеке тақырып, шынын айтсам, оны талқылағым келмейді. Өйткені бұл — отбасына қатысты жеке мәселелер. Оларды көпшілікке шығарғым келмейді. Біз — қазақпыз, өзімізге тән дәстүрлеріміз бар, соның ішінде құдалық қарым-қатынас та бар. Бұл — баршаға ортақ қалыпты құбылыс. Неге бізді өзгеше көру керек? Бұл отбасының басқалардан қандай айырмашылығы бар? Ешқандай айырмашылық жоқ. Барлығы да өзге қазақ отбасыларындағыдай дәстүрлер сияқты қалыпты құбылыс», - деді Боранбаев.
Соңғы жаңалықтар