Қарақат Әбілдина Мақпал Жүнісова мен Заманбек Нұрқаділовке қатысты естелігін бөлісті

Танымал әнші Қарақат Әбілдина халық әртісі Мақпал Жүнісова мен марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділов жайлы жүрекжарды естелігін бөлісті. Бұл туралы өнер иесі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Әншінің айтуынша, бұл оқиға өзінің оқуын аяқтап, диплом алған жылдары болған. Қыдырәлі Болмановпен шаңырақ көтерген алғашқы кездері үлкендер үйіне құтты болсын айта келген.
«Қыдекең екеуміздің кішкентай шаңырағымызға үлкен бастарын иіп, Зәкең мен Мақпал апамыз, көзі тірі Мадина Ералиева апамыз келіп, батасын берген еді. Сол кезде Мақпал апам қолыма алтын сағатын тағып, “менің жолымды берсін” деп батасын берді. Бұл менің алғашқы алтын сағатым болатын. Баға жетпес сыйлықты әлі күнге дейін сақтап келемін», – деп жазды Қарақат.
Сондай-ақ, ол Заманбек Нұрқаділовтің өзіне ерекше ықылас білдіріп, Қыдырәлі Болмановқа тапсырма бергенін де еске алды.
«Зәкең: “Қыдырәлі, өнер адамы деген – бөлек әлем. Қолыңнан келсе, Қарақатты өзіңмен бірге үлкен сахнаға алып шық, өнер жолынан алыстатпа! Мен сияқты алақаныңа салып аяла! Бұл сондай құрметке лайық бала”, – деп өнерімді жоғары бағалады. Аллаға шүкір, аузы дуалы үлкен кісілердің батасын алғаннан жаман болған жоқпыз. Мұндай естеліктерді қалайша ұмытайын?!», – деп түйіндеді әнші.
Соңғы жаңалықтар





