Қаскелеңде мектеп оқушысы көз жұмды: қайғылы оқиға қалай болды?
21 қаңтар күні Қаскелең қаласындағы мектептердің бірінде ауыр қайғылы жағдай тіркелді. 9-сыныпта оқитын 15 жастағы оқушы бірінші сабақтан кейін, үзіліс кезінде кенеттен көз жұмды. Бұл туралы Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімнің жағдайы аяқ астынан нашарлаған. Ол өзін жайсыз сезініп, бас айналу мен жүрек айнуға шағымданған. Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі дереу жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер оқиға орнына тез жетіп, реанимациялық көмек көрсетуге тырысқанымен, оқушының өмірін сақтап қалу мүмкін болмады — ол сол жерде жан тапсырған.
Мектеп директоры Рысбүбі Дүйсебаеваның айтуынша, оқушының жағдайы нашарлаған сәтте оның қасында осы оқу орнында мұғалім болып жұмыс істейтін әжесі болған.
«Балалардың айтуынша, оның басы айналып, жүрегі айныған. Бірден жедел жәрдем шақырылды. Сот-медициналық сараптама нәтижесінде ми ісінуі мен миға қан құйылғаны анықталды. Ол жақсы оқитын, спортпен айналысатын, тәрбиелі, ақылды бала еді. Ешқашан жанжалға араласқан емес», – деді мектеп директоры.
Алдын ала мәлімет бойынша, өлімнің себебі — миға қан құйылу.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сараптама қорытындысынан кейін қосымша ақпарат беріледі.
Соңғы жаңалықтар