"Қайта сол қытайларға көмектесіңіздер": Берік Уәли Қытайға неге мұқтаж екенімізді түсіндірді (ВИДЕО)

08.12.2025 14:56 Арман Ермеков
0
425
Фото: Абай облысы әкімдігі

Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының тұрғындарымен кездесу барысында қытайлық азаматтардың өңірге келуіне қатысты түсініктеме берді. Өңір басшысы қытайлық инвесторлардың экономикалық маңыздылығын атап өтіп, жергілікті халықты арандатушылыққа бой алдырмауға үндеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиын барысында қала тұрғындары қонақүйлерде қытайлық азаматтардың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, олардың аймақта жүру себебін сұраған болатын. Бұған жауап ретінде облыс әкімі қазіргі таңда әлемнің көптеген мемлекеті Қытай инвестициясына мұқтаж екенін және Қазақстанның мұндай мүмкіндіктен бас тартпауы керектігін алға тартты. Ол қаржыны алыстағы Еуропа елдерінен емес, көршілес жатқан Қытайдан тартудың экономикалық тұрғыдан тиімді екенін жеткізді.

Берік Уәли шетелдіктердің өңірге нақты жобаларды жүзеге асыру үшін келгенін түсіндірді. Атап айтқанда көп жылдан бері шешімін таппай келген теміржол және автожол құрылыстары енді қытайлық компаниялардың күшімен жүргізілмек. Жұмыс күшіне қатысты мәселеде әкім күрделі техникалық міндеттерді қытайлық мамандар атқаратынын, ал қарапайым жұмыстарға жергілікті тұрғындар тартылатынын мәлімдеді. Егер жергілікті азаматтардың тиісті дипломы мен біліктілігі болса, олар да жауапты қызметтерге алынады.

Кездесуде құқықтық тәртіп мәселесі де қаралды. Шенеунік шетелдіктерге «қазақша сөйлемейсің» деп тиісудің немесе күш көрсетудің заңсыз екенін қатаң ескертті. Ол жақында әлеуметтік желіде тараған қытай азаматтарды соққыға жығу дерегі бойынша екі адамның қамалғанын мысалға келтірді. Берік Уәли халықты адастырып, көрші елге қарсы қоюға болмайтынын, керісінше оларға көмектесу керектігін айтты. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы мен Қытай төрағасы арасындағы визасыз режим туралы келісім екі елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий