«Қайтадан ота жасауға тура келеді»: Гүлзира Айдарбекова пышаққа қайта түсетінін айтты

16.07.2026 16:24 Мөлдір ҚАЙНАР
«Қайтадан ота жасауға тура келеді»: Гүлзира Айдарбекова пышаққа қайта түсетінін айтты
118
Фото: видеодан скриншот

Танымал продюсер әлеуметтік желідегі парақшасында денсаулығының нашарлауына байланысты қайтадан ота жасатуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның сөзінше, бұған дейін Қырғызстанға арнайы барып, өтіндегі тасты алдырғанымен, бұл емнен еш нәтиже болмаған. Дәрігерлер тексерістен кейін оның өт қабының толыққанды жұмыс істемей тұрғанын анықтапты. Продюсер шетелге бармай-ақ, өз елімізде емделгенде мұндай қиындық тумас еді деп өкінеді.

«Қырғызстанға барып, тасын алдық деп қуанып жүргенімде, дәрігерлер өт мүлде жұмыс істемей тұрғанын айтты. Сондықтан Қырғызстанға бармай-ақ, Қазақстанда өтті толық алдырған дұрыс екен. Енді қайтадан ота жасауға тура келеді», – деп жазды продюсер.

Сонымен қатар өнер иесі соңғы уақытта өз денсаулығынан бөлек, туған ағасының қатты сырқаттанып қалғанына уайымдап, мазасы қашқанын жасырмады. Бүгінде жақынының беті бері қарап, жағдайы біршама жақсарған көрінеді.

«Ағамның беті бері қарады. Өзім де уайымдап, мазам қашып жүрген еді. Аллаға шүкір, енді шаруаларыммен Шымкентке жолға шықтым. Алла баршаңызға, бауырларыңызға және отбасыларыңызға амандық берсін», – деп толықтырды ол.

Желі қолданушылары бұл жазбадан кейін продюсерге жарыса пікір қалдырып, қиындықтардың артта қалуын және оның тезірек сауығып кетуін тілеп, қолдау көрсетіп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий