“Балалары 1,5 және 3 жаста болған”: ШҚО-да өрттен әйел мен екі кішкентай бала қаза тапты
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы Бобровка ауылында тұрғын үй өртеніп, салдарынан әйел мен екі кәмелетке толмаған бала көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға ауыл тұрғындарын дүр сілкіндірді.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде үйді толығымен жалын шарпыған. Сонымен қатар ғимараттың шатыры опырылып түскен. Құтқарушылар өртті сөндіру барысында үй ішінен әйел мен екі баланың денесін тапты.
«Өртті сөндіру кезінде әйел мен екі кәмелетке толмаған баланың денесі анықталды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр», – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қаза тапқан балалардың жасы небәрі бір жарым және үш жаста болған. Отбасы ауылға жақында ғана көшіп келген. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға болған кезде әйелдің жұбайы жұмыста болған.
Қазіргі уақытта өрттің неден шыққаны белгісіз. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар