"Қаза тапқандар бар": 67 көлік соқтығысып, 20 көлік өртеніп кетті
Жапонияда жантүршігерлік жол апаты тіркеліп, бір мезетте 67 көлік соқтығысты, деп хабарлайды Politico.kz.
Апат салдарынан 20 автокөлік өртеніп, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz. Қайғылы оқиға Жапония аумағындағы Гумма префектурасында орналасқан тасжолда болған.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, салқын әрі тайғақ жолда жүк көліктерінің бірінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік жолды көлденеңінен жауып қалған. Көп ұзамай оған тағы бір жүк көлігі соғылып, соның салдарынан бірнеше бағытта тізбектей соқтығыстар басталған.
Оқиға кезінде бір автокөлік отқа оранып, өрт жылдам тарап, жалпы саны 20 көлік жанып кеткен. Құтқару қызметтерінің мәліметінше, апат салдарынан екі адам көз жұмды, тағы 26 адам түрлі жарақат алған. Зардап шеккендердің бесеуінің жағдайы ауыр деп бағалануда.
Қауіпсіздік шараларына байланысты апат болған жол бөлігі екі бағытта да уақытша жабылды. Қазіргі таңда оқиғаның нақты себептері анықталып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар