Қазақ әндерін балағаттаған көкшетаулық әйел қамауға алынды

10.07.2026 11:35 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақ әндерін балағаттаған көкшетаулық әйел қамауға алынды
202
ЖИ арқылы жасалған сурет

Көкшетауда қазақ әндерін балағаттап, дауға қалған барбершоп қызметкері 8 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Іс Ақмола облысы Көкшетау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Оқиға 2025 жылдың желтоқсанында болған. Алмагүл есімді шаштараз жұмыс орнында қазақша әуен қосқан кезде, әріптесі оған наразылық білдіріп, музыканы өшіріп тастаған.

"Мына боқтықты кім тыңдайды", – деді құқық бұзушы желіде тараған бейнежазбада.

Кейін ол әріптесіне мұндай әндерді тек үйде тыңдау керектігін айтқан. Бұл жанжал TikTok желісінде жарияланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бастапқыда полиция ұлтаралық алауыздықты қоздыру бабы бойынша тергеу бастаған болатын.

Алайда іс сотқа ұсақ бұзақылық және айналасындағыларға құрметсіздік көрсету бабымен жетті. Сот барысында құқық бұзушылық фактісі әкімшілік хаттамамен, куәгердің түсініктемесімен және бейнежазбалармен толық расталды.

Айыпталушы өз кінәсін мойындап, іс материалдарына ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Осылайша сот қаулысымен ол 8 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сот актісі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий