Қазақ спорты қара жамылды: қазақстандық спортшы Англияда қайтыс болды

10.08.2026 11:08 Әсел МҰРАТ
Қазақ спорты қара жамылды: қазақстандық спортшы Англияда қайтыс болды
272
Фото: әлеуметтік желіден

Қазақстандық спортшы, пауэрлифтингтен халықаралық жарыстардың жүлдегері Гузаль Ергешева 8 тамызда Ұлыбританияда көз жұмды. Параспортшы күйеуімен бірге Англияда тұрған, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы жағдай туралы тележүргізуші Әдел Оразалинова (Адель Смит) әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Ол марқұм спортшымен 30 жылға жуық уақыт бойы жақын араласқанын атап өтті.

Тележүргізушінің мәліметінше, Гузал Ергешева түнде ұйықтап жатқан кезде талмасы ұстап, қайтыс болған. Қайғылы жағдайға дейін бір күн бұрын спортшы күйеуінің туыстарымен бірге уақыт өткізіп, кейін жақын досымен кездескен.

«Ол жүрегі махаббатқа толы, сүйікті, жарқын, алға қойған мақсаты мен жоспары көп, достыққа адал жан еді», – деп жазды Әдел Оразалинова.

Қазір Гузал Ергешеваның отбасы спортшының денесін Қазақстанға жеткізу мәселесін ұйымдастырып жатыр. Осыған байланысты Әдел Оразалинова әлеуметтік желідегі оқырмандарынан Ұлыбританиядан репатриация рәсімін өткізу тәртібі туралы ақпарат беруді сұрады. Сондай-ақ Қазақстан консулдығы өкілдерімен байланысуға көмектесуге шақырды.

Айта кетейік, 2017 жылы Гузал Ергешева Канадада өткен бойы аласа спортшылар арасындағы пауэрлифтингтен әлем чемпионатында алтын медаль иеленген. 

Войдите, чтобы оставить комментарий