Қазақ Ұлттық Университетінде дискриминация: студенттерді "бірінші" және "екінші" сортқа бөлуде

«Бәріне бірдей мейрам емес»: ҚазҰУ студенттері бітіру кешіндегі диплом беру рәсіміне наразы
Әлеуметтік желілерде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бітіруші түлектері арасында екі түрлі деңгейде ұйымдастырылған диплом тапсыру рәсімі қызу талқылануда. Студенттердің айтуынша, белсенді түлектер үшін арнайы сахна, музыка, салтанатты безендіру мен фотозона қарастырылса, қарапайым студенттер үшін бітіру кеші формалды ғана шараға айналған.
Қарапайым түлектердің диплом тапсыру рәсімі Farabi Hub ғимаратында өтті. Студенттердің сипаттауынша, бұл жер салтанатты шара емес, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан лабораторияны көбірек еске салған. Ішінде ауа тар, залда ретсіздік орын алған.
Салют пен фотозона болмады, орнына кезек пен асығыстық болды. Әр студентке 8 секунд қана уақыт бөлінді деп айтылуда.
Көпшілік түлектер ренішін сыртқы көрініске емес, жалпы қарым-қатынасқа байланысты білдіруде. Олар төрт жыл бойы ескі жабдықтармен - бір кафедраға бір ғана проектор, жасыл тақтамен білім алғанын айтып, ең болмағанда соңғы күн ерекше өтеді деп үміттенген.
Студенттердің айтуынша, Farabi Hub жайлы сын пікір жазғандарға қысым көрсетіліп жатқан көрінеді. «Пікір жазбаңдар, кімнің жазғанын анықтап жатыр» деген хабарламалар тарап жүр.
Бітіруші жастар әділеттілік пен құрметке бірдей қол жеткізгісі келеді. Олар белсенді студенттерге жағдай жасалғанын түсінгенімен, қарапайым түлектердің де лайықты қоштасуға құқығы бар екенін еске салады.
Дереккөз: QUMASH
Соңғы жаңалықтар





