«Әр нәрсенің шегі бар»: Мексикадағы концертте жанкүйер қыз Димаш Құдайбергенді ернінен сүйіп алды
Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Мексика астанасы Мехикода өткен концертінде күтпеген оқиға орын алды. Кеш барысында көрермендердің бірі өнер иесін ернінен сүйіп алып, бұл сәт түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқыс жағдай «DiMENSIONS» әлемдік туры аясындағы кеште болған. Әнші әйгілі «Bésame mucho» туындысын орындап тұрып, сахна шетіндегі тыңдармандарына жақындаған кезде жанкүйер қыз тұтқиылдан әншіні ернінен сүйіп алған.
Желіде тараған алғашқы кадрлар қоғам пікірін екіге жарды. Бір тарап мұны әзілге балап, өнер иесінің өзі де қарсылық танытпады десе, басым көпшілігі жанкүйердің әрекетін әбестікке балап, әншінің жеке шекарасын құрметтеуге шақырды:
«Өнерін жақсы көруге, құрметтеуге болады. Бірақ әншіге ұмтылып, құшақтап, сүйе беруге болмайды. Әр нәрсенің шегі бар», — деп жазды оқырмандардың бірі.
Кейбір қолданушылар концерттегі күзет қызметінің салғырттығын сынға алса, енді біреулер қыздың орнында болғысы келетінін жазып, әзілдеген.
Алайда көп ұзамай оқиғаның басқа ракурстан түсірілген бейнежазбасы жарияланып, жағдайдың мән-жайы анықтала түсті. Жаңа кадрларда Димаштың бірден кейін шегініп, қыздан алыстауға тырысқаны және қолымен ескерту жасағандай ишара білдіргені анық көрінеді.
Threads желісінде Sharly есімді қолданушы осы видеоны бөлісіп, көпшілікті әншіні кінәламауға шақырды:
«Оның қыздан қалай шегінгені анық көрінеді. Сол сәтте ол жанкүйерді жіберіп, алыстайды, тіпті ескерту жасайды. Әсіресе қырынан түсірілген видеодан Димаштың бұл жағдайдан шығуға тырысқаны жақсы байқалады... Адамның кім екеніне қарамастан, оның жеке кеңістігі мен шекарасын құрметтеу керек. Оқиғадан кейін күлімсірегені болған жағдайды ақтамайды. Күлімсіреу келісім білдіру деген сөз емес. Сондықтан кінәні әншіге артуды доғарыңыздар», — деп жазды желі қолданушысы.
Әзірге Димаш Құдайбергеннің өзі бұл оқиғаға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
Соңғы жаңалықтар