QazaqGaz басшысы топ-менеджерлерге берілетін миллиондаған сыйақы мен Шәріпбаевқа қатысты сұрақтарға жауап берді

07.07.2026 17:55 Абзал БАХЫТЖАНОВ
QazaqGaz басшысы топ-менеджерлерге берілетін миллиондаған сыйақы мен Шәріпбаевқа қатысты сұрақтарға жауап берді
258
Фото: gov.kz

QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов басшылық құрамға берілетін сыйақы көлемін тым үлкен емес деп санайтынын және қазір компанияда бұрынғы басшы Қайрат Шәріпбаевқа қатысты құрылымдар қалмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналистердің сұрағына жауап берген мекеме басшысы қызметкерлерге бонустар тек нақты көрсеткіштерге қол жеткізген кезде ғана берілетінін түсіндірді.

"Сыйақы мен бонустар корпоративтік ережеге, яғни Самрұқ-Қазына бекіткен тәртіпке сәйкес төленеді. Бірақ біздің компанияда олар ондай үлкен емес. Меніңше, басқарма басшыларына бұл сыйақыларды төлеуге болады. Себебі олар ауқымды жұмыс атқарып, нақты нәтиже көрсетеді. Сондықтан олар бұған лайықты", – деді Әлібек Жамауов.

Компанияның қаржылық есебіне сүйенсек, 2025 жылы мекеменің 13 адамнан тұратын негізгі басқарушы құрамына барлығы 737,5 млн теңге төленген. Бұл санатқа басқарма мүшелері мен тәуелсіз директорлар кіреді. Аталған сома әкімшілік шығындар қатарына жатқызылған және оның ішінде жалақы мен өзге де төлемдер бар. Ал ұлттық компанияның былтырғы таза пайдасы 271 млрд теңгені құраған.

Сонымен қатар басқарма төрағасы қазіргі уақытта мердігерлер қатарында мекеменің бұрынғы басшысы Қайрат Шәріпбаевқа тиесілі немесе аффилиирленген бірде-бір ұйым жоқ екенін айтты.

Айта кетейік, белгілі экономист әрі кәсіпкер Қайрат Шәріпбаев аталған ұлттық компанияны 2020-2022 жылдары басқарған. Ол қоғамда тұңғыш президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бейресми күйеуі ретінде танымал.

Войдите, чтобы оставить комментарий