Қазақмыс басшысы Руслан Өскенәлі Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі жұмысшылардың мәселесін шешуде

11.06.2026 18:34 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақмыс басшысы Руслан Өскенәлі Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі жұмысшылардың мәселесін шешуде
98
Фото: Бейнеден алынған скрин

«Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Оңтүстік Жезқазған кенішінің жұмысшыларымен арнайы кездесу өткізіп, кәсіпорындағы түйіткілді мәселелерді ашық талқылап қайтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Басшылық пен жұмысшылар арасындағы еркін диалог барысында кеншілер біраз жылдан бері қордаланған мәселелерді батыл ортаға салды. Олар материалдық-техникалық базаны жаңарту қажеттілігін айтып, кейбір тау-кен техникасының әбден тозғанына назар аудартты. Сонымен қатар жұмысшылардың тұрмыстық жағдайы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік тақырыбы да шет қалған жоқ. Кездесуде айтылған әрбір шағым мұқият тыңдалып, қызметтік тексеріс уақытында басқарма төрағасының орынбасары өз міндетінен уақытша шеттетілетін болды.

Корпорация басшысы бұл түйіткілдердің бір күнде пайда болмағанын түсіндіріп, қазіргі таңда жаңа басшылық пен құрылтайшылардың қолдауымен өндірісті жаңғырту бағдарламасы қолға алынғанын жеткізді. Жұмысшылардың барлық ұсынысы тікелей Руслан Өскенәлінің жеке бақылауына алынды, ал өзі ұжым көтерген сұрақтар толық шешімін тапқанша оқиға орнында жұмысын жалғастыра береді.

Компания тек өндіріске ғана емес, аймақтың әлеуметтік саласына да қомақты қаржы құюды жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын дамыту мақсатында 32 млрд теңге көлеміндегі кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек шикізат базасын кеңейту жұмыстарына да ерекше көңіл бөлініп, Жезқазған кен орнындағы барлау жұмыстарына бөлінетін қаражат жылына $5 млн шамасынан $40 млн деңгейіне дейін күрт өсті.

Аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында Жезқазған мыс қорыту зауытында күкірт қышқылы цехын салу жобасы қарастырылуда. Ал жұмысшылардың еңбекақысын көтеру мәселесі кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламаларына сай біртіндеп оң шешімін табатын болады. Дәл қазіргі сәтте Оңтүстік Жезқазған кеніші бекітілген өндірістік жоспарға сәйкес толыққанды қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Войдите, чтобы оставить комментарий