Қазақмыс компаниясында Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі жағдайға қатысты түсініктеме берілді

11.06.2026 15:15 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақмыс компаниясында Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі жағдайға қатысты түсініктеме берілді
80
Фото: KAZAKHMYS

Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі шахталардың бірінде жұмысшылар еңбек жағдайы мен материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесін көтеріп, басшылыққа жүгінді. Бұл ақпаратты «Қазақмыс» компаниялар тобы мәлімдеді.

Компания басшылығы еңбек ұжымының өкілдерімен арнайы жұмыс кездесуін өткізді. Ашық әрі сындарлы диалог барысында кәсіпорын жұмыскерлерін толғандырған түйткілдер талқыланды. Айтылған барлық ұсыныс пен бастама белгіленген тәртіпке сәйкес одан әрі пысықтау үшін қарауға алынды.

Көтерілген мәселелердің негізгі бөлігі ұзақ жылдар бойы қаржының жеткіліксіз бөлінуінен туындаған жабдықтардың техникалық жағдайына тіреліп отыр. Осыған орай, басшылық жұмыскерлердің еңбек жағдайын одан әрі жақсарту, сондай-ақ өндірістің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында инвестициялық бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оның іске асырылуын жеделдетуге ниетті.

«Қазақмыс» компаниялар тобы қолданыстағы корпоративтік тетіктер мен әлеуметтік әріптестік аясында жұмысшылармен өзара іс-қимылды жалғастыра береді. Корпорация ашық диалог орнату қағидатын кәсіпорынды дамытудың, еңбек қауіпсіздігі деңгейін арттырып, жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын жетілдірудің басты элементі ретінде қарастырады.

Қазіргі уақытта кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өндірістік үдеріс бекітілген өндірістік жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.

 

Войдите, чтобы оставить комментарий