Қазақмыс Жезқазғандағы зауытты жөндеуге 4,4 млрд теңге бөлді
Жезқазған мыс балқыту зауытының инфрақұрылымын жаңартуға қарастырылған 4,4 млрд теңгенің 2,03 млрд теңгеден астамы мыс электролизі цехының шатырын жөндеуге жұмсалмақ, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазақмыс корпорациясының хабарлауынша, кәсіпорындағы күрделі жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылы басталған.
Мыс электролизі цехының шатыры маусымнан бері жөнделіп жатыр. Тозған темірбетон плиталардың орнына өндірістік орта мен коррозияға төзімді сэндвич-панельдер орнатылып, су құбырының жекелеген учаскелері мен оларға қатысты инженерлік желілер де жаңартылуда.
Төрт кезеңге бөлінген жоба бойынша барлығы 8 600 шаршы метр шатыр ауыстырылады. Қазір шамамен 3 000 шаршы метр аумақ монтажға дайындалған. Бірінші кезеңді 2027 жылдың ортасына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Корпорацияның мәліметінше, биіктікте жұмыс істейтін және монтаж жүргізетін жұмыскерлер қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтылған, қауіпсіздік талаптарының сақталуы әр кезеңде бақыланады.
Зауытта бұдан бөлек №1 салқындатқыш мұнара күрделі жөндеуден өтіп, конвертер бөлімшесінің шатыры қалпына келтіріліп жатыр. Ал балқыту цехының әкімшілік-тұрмыстық кешеніндегі жуынатын бөлмелерді күрделі жөндеу аяқталуға жақын.
Қазақмыс өндірістік инфрақұрылымды жаңартуды жаңа басқару командасының 2026 жылғы басым бағыттарының бірі деп атады. Компания бұл жұмыстар нысандардың сенімділігін арттырып, инфрақұрылымға байланысты тәуекелдерді азайтуға және жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталғанын хабарлады.
Соңғы жаңалықтар