Қазақмыс Жезқазғандағы «Жастар» саябағын 4,9 млрд теңгеге толық жаңғыртады

01.07.2026 13:55 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақмыс Жезқазғандағы «Жастар» саябағын 4,9 млрд теңгеге толық жаңғыртады
63
Фото: KAZAKHMYS

«Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған қаласындағы «Жастар» саябағын ауқымды жаңғыртудан өткізіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Жалпы құны 4,9 млрд теңгеден асатын бұл жоба тұрғындардың ұсыныстары мен заманауи абаттандыру стандарттары негізінде әзірленген.

Аумағы 6,4 га болатын демалыс орнында жаяу және велосипед жолдары, жүгіру жолағы, жаңа субұрқақ пен балалар ойын алаңдары салынады. Сонымен қатар мұнда көлеңкелі демалыс аймақтары бой көтеріп, қыс мезгілінде мұз айдыны жұмыс істейтін болады.

Демалыс орнының сәулеттік келбеті мысты өңірдің тарихы мен ғарышты игеру тақырыбын біріктіретін көркемдік бейнелермен безендіріледі.

Мұнда көгалдандыру жұмыстарына да үлкен көңіл бөлінген, яғни 3 га жасыл аймаққа жергілікті климатқа бейімделген ағаштар отырғызылып, автоматты суару жүйесі тартылады.

Қазіргі уақытта ескі құрылыстарды бұзу жұмыстары аяқталып, жаңа нысандардың іргетасы қаланып жатыр.

Жаңарған қоғамдық кеңістікті 2026 жылдың қазан айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы бұл бастама корпорацияның Ұлытау облысындағы әлеуметтік бағдарламасының бір бөлігі саналады, осы мақсатта 2026 жылы компания өңірге 30 млрд теңгеден астам инвестиция бағыттайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий