Қазақстан Халық партиясын енді Нұрсұлтан Шоқанов басқарады
Астанада Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс съезі өтіп, делегаттар партияның жаңа төрағасы ретінде Нұрсұлтан Шоқановты сайлады, деп хабарлайды Politico.kz.
Отырыс барысында партияның бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев соңғы үш жылдағы жұмысты қорытындылап, ұйымның қоғамдық-саяси алаңдағы белсенділігін атап өтті. Оның айтуынша, партия азаматтардың өзекті мәселелерін көтеріп, нақты шешімдер ұсынуға бағытталған жұмысын күшейткен.
«Біз тек кері байланыс беріп қоймай, күн тәртібін өзіміз қалыптастыруды үйрендік», – деді Ертісбаев.
Ол сондай-ақ партияның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалық бағытын қолдайтынын және елдегі саяси-әлеуметтік өзгерістерге үлес қосып келе жатқанын жеткізді.
Отырыста Ертісбаев партияның соңғы жылдары цифрлық және медиа бағытта айтарлықтай өсімге қол жеткізгенін айтып, ресми платформаларға 1 миллионнан астам қолданушы тіркелгенін, ал жарияланымдардың қаралымы 600 миллионнан асқанын мәлімдеді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Шоқанов Қазақстан Халық партиясының жаңа төрағасы болып бекітілді.
Шоқанов 1986 жылы Алматыда дүниеге келген. КИМЭП университетін тәмамдап, кейін Швейцариядағы IMD бизнес-мектебінде Executive MBA дәрежесін алған. Еңбек жолын халықаралық аудиторлық компанияда бастап, кейін бизнес және басқару салаларында түрлі қызметтер атқарған. Сондай-ақ ол кәсіпкерлікпен айналысып, «OMIR Group» компаниялар тобының директорлар кеңесін басқарған.
Бұған дейін Шоқанов Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы және Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық филиалының жетекшісі қызметтерін атқарған.
Соңғы жаңалықтар