Қазақстанда 1 ақпаннан бастап не өзгереді
Қыстың соңғы айында қасиетті Рамазан айы басталады. Мұсылман қауымы бір ай бойы ораза ұстайды. Ал балалардың есепшотына ұлттық қордан ақша түседі. Бұдан бөлек, біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен ипотеканы өтеу тәртібі өзгереді. Әртістер фонограмма пайдаланудың жаңа тәртібін сақтауға міндеттелді. Politico.kz ақпан айында болатын негізгі өзгерістерді ұсынады.
Салық режимін таңдау қажет
Биыл 1 наурызға дейін жеңілдетілген декларация режимінде қалғысы келетін жеке кәсіпкерлер салық органына міндетті түрде хабарлама тапсыруы керек. Ол хабарлама берілмесе, кәсіпкерлер автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу режиміне ауыстырылады.
Ал патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген кәсіпкерлер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өте алады. Бұл режимде жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ.
Бұрын бөлшек салық немесе жеңілдетілген декларация қолданған кәсіпкерлер жеңілдетілген режимде жұмысын жалғастыра алады, бірақ жаңа талаптар бар: Олар:
- жылдық табыс шегі 600 000 АЕК (шамамен 2 млрд 595 млн теңге);
- салық мөлшерлемесі – 4% (әкімдіктерде оны 2%-ға дейін төмендетуге немесе 6%-ға дейін көтеруге құзіреті бар).
Жеңілдетілген режимде жұмысты жалғастыру үшін 28 ақпанға дейін режимді қолдану туралы хабарлама беру қажет.
Ал шаруа және фермер қожалықтары жеке арнайы салық режиміне автоматты түрде ауысады.
Ұлттық қордан қанша ақша түседі
1 ақпанда "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы аясында мыңдаған баланың есепшотына ақша аударылады. Әрбір балаға шамамен 130 доллар түседі. Ал бағдарламаның басталғанына үш жыл болғанын ескерсек, есепшоттағы ақшаның көлемі 360 долларға (қазіргі курспен 181 мың теңгеге) жетеді.
18 жасқа дейін ұлттық қордан аударылған қаржыға инвестициялық табыс та түседі. Себебі ол ақша жай жатқан жоқ. Оны доллармен ұстайды.
Ал балалар кәмелет жасқа жеткеннен кейін бұл ақшаны тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім беру ақысын төлеуге жұмсай алады. Алдағы уақытта жиналған ақшаны бір отбасының балалары арасында бір-біріне беруге рұқсат етілуі мүмкін.
Рамазан басталады
19 ақпанда барша мұсылмандар үшін он екі айдың сұлтаны - қасиетті Рамазан айы басталады. Шариғат бойынша балиғат жасына келген, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға ораза ұстау – парыз. Рамазан айы 19 наурызға дейін жалғасады.
- Қадір түні - 16 наурыздан 17 наурызға қараған түн;
- Ораза айт мерекесі - 20 наурызда.
Айта кетейік, Ораза айтта демалыс берілмейді. Биыл бұл діни мереке жұмаға түсіп тұр.
Ипотеканы өтеу тәртібі қалай өзгереді
Отбасы банкі 2 наурызға дейін зейнетақы жинақтарының есебінен ипотеканы өтеуге өтінімдерді қабылдауды тоқтатты. Мамандар мобильді қосымшаны және otbasybank.kz сайтындағы жеке кабинетті жаңа талаптар бойынша өзгертеді.
Бұдан былай зейнетақы қорынан аударылған ақшаға ипотеканың негізгі қарызын ғана жабуға болады. Ал проценттер мен айыппұлдар қарыз алушының өз қаражаты есебінен төленеді.
Жаңа талапқа сәйкес, проценттердің ақысы ағымдағы есепшоттан, ал негізгі қарыз арнайы шоттан алынады. Сондықтан ақшаны алдын ала салып қойған жөн.
Мектеп пен балабақшаларда тексеріс басталады
Осы айдан бастап мектептер, балабақшалар, лагерьлер және басқа да ұйымдар бойынша бақылаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Атап айтқанда, жоспарлы тексеріс жоғары, орташа немесе төмен тәуекел дәрежесіне жатқызу нәтижелері бойынша тағайындалса, жоспардан тыс тексеру мемлекеттік бақылау субъектісіне хабарланбастан жүргізіледі.
Оған жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негіз бола алады. Содан кейін заңнама талаптарын бұзудың нақты фактілері анықталған жағдайда жоспардан тыс тексеріс жіберіледі.
Өрт қауіпсіздігі талаптары күшейтіледі
Бүгіннен бастап азаматтық қорғау саласында өрт қауіпсіздігіне қойылатын жаңа талаптар күшіне енеді. Енді кез келген нысанды пайдалануға берер алдында оның өрт қауіпсіздігі нормаларына сәйкестігі туралы арнайы қорытынды алу міндеттеледі.
Жауапкершілік құрылыс тапсырыс берушіге жүктеледі. Жаңа талаптар адамдар жаппай жиналатын нысандарға, сондай-ақ биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарға, оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлерге де қолданылады.
Әскери кафедраға өтініштер онлайн беріледі
1 ақпан мен 30 қыркүйек аралығында күндізгі бөлімде оқитын бакалавриат студенттері әскери кафедраға өтінішті eGov.kz порталы арқылы онлайн форматта жібере алады.
Бұрын студенттер құжаттарды тікелей жоғары оқу орындарында қағаз түрінде тапсыратын. Әскери кафедрада запастағы лейтенант немесе запастағы кіші сержант шендерін алуға болады.
Қазақстан азаматтығын алатындарға емтихан болады
Ақпанда Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлерге арналған емтиханға өтініш қабылдау басталады. Өтініштер 3-10 ақпан аралығында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында немесе UTO мобильді қосымшасы арқылы қабылданады.
Емтихан 11 ақпанда өтеді және үш бөлімнен тұрады:
- Қазақ тілі – 30 сұрақ, өту балы – 15;
- Қазақстан Республикасының Конституциясының негіздері – 40 сұрақ, өту балы – 20;
- Қазақстан тарихы – 30 сұрақ, өту балы – 15.
Азаматтық алуды көздеген әрбір үміткер осы талаптарға сай дайын болуға тиіс.
Фонограммаға қатысты талаптар күшіне енеді
Бұған дейін президент концерт кезінде фонограмма пайдалануға тыйым салатын заңға қол қойған болатын. Бұл құжат 60 күннен кейін, яғни, 4 ақпанда күшіне енеді.
Заң талаптарына сәйкес, концерт өткізуге арнайы бейімделмеген жерде фонограмма пайдалануға рұқсат беріледі. Ал техникалық тұрғыда толығымен жабдықталған залда фонограммамен ән айтуға тыйым салынады.
Фонограмма пайдаланғаны үшін айыппұлдың көлемі 4 млн теңгеге дейін артып отыр.
Қысқы Олимпиада басталады
2026 жылы 6-22 ақпан аралығында Италияда XXV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Қазақстан құрамасы атынан жарысқа 36 спортшы қатысады. Қазіргі таңда ел қоржынында бірнеше спорт түрінен лицензия бар.
Оқушылардың каникулы басталады
Үшінші тоқсан тек 1-сынып оқушыларына ғана қосымша каникул беріледі. Олар 9-15 ақпан күндері оқымайды.
Ал көктемде 19-29 наурыз күндері барлығына бірдей каникул болады. 25 мамырда оқу жылы аяқталады.
Ақпан айында неше күн демаламыз
Бұл айда мемлекеттік мерекелер жоқ. Сондықтан қосымша демалыс болмайды. Қазақстандықтар тек сенбі-жексенбі күндері тыныға алады.
- 5 күндік жұмыс аптасы үшін 8 күн демалыс;
- 6 күндік жұмыс аптасы үшін 4 күн демалыс.
Соңғы жаңалықтар