Қазақстанда 4 млн жалақы алу үшін кім болу керек?
Еңбек министрлігі Қазақстанның еңбек нарығындағы жағдайды талдап, ең көп жалақыны қандай мамандар күтетінін жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Биыл наурыз айында Enbek.kz порталында жұмыс берушілер 102,6 мың бос орын жарияласа, ал жұмыс іздеушілер 107,1 мың түйіндеме қалдырған. Ақпанмен салыстырғанда бос орындар саны 3,7%-ға өсіп, түйіндемелер 14,3%-ға азайды, бұл сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтықты едәуір қысқартты. Мәселен, қаңтарда түйіндемелер саны бос орындардан 60 мыңға артық болса, наурызда бұл айырмашылық 4,5 мыңға дейін төмендеді.
Елімізде ең көп сұранысқа ие салалардың қатарына білім беру, қызмет көрсету, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы кіріп отыр. Ал өңірлер бойынша Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Атырау облыстары мен Астана қаласында жұмыс күшіне сұраныс жоғары. Жұмыс іздеушілердің 42%-ын 35 жасқа дейінгі жастар құраса, олардың 54%-ы әйелдер екені белгілі болды.
Жұмыс берушілердің ұсынған жалақысы мен іздеушілердің сұранысында да үлкен айырмашылық бар. Наурыз айында ең жоғары жалақыны заң бөлімі басшысының орынбасары (1,4 млн теңге), бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы (1,38 млн теңге) және өндіріс басшысы (1,14 млн теңге) лауазымдарына ұсынған.
Алайда жұмыс іздеушілердің сұрап отырған ақшасы бұдан әлдеқайда көп. Мысалы HR бизнес-серіктесі 4,2 млн теңге, каротажшы 3 млн теңге және өнеркәсіп саласындағы зертхана басшысы 2,5 млн теңге жалақы күтетіні байқалған.
Соңғы жаңалықтар