Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі деректер орталығы бой көтереді

25.02.2026 19:55 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі деректер орталығы бой көтереді
127
Фото: ҚР Премьер-министрнің ресми ақпараттық ресурсы
Екібастұзда 1 ГВт-тық «ДӨО алқабы» салынып жатыр

Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы ең ірі жобалардың бірі – «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» қарқынды жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

 Олжас Бектенов Президенттің Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмалары аясында жобаның орындалу барысын қараған арнайы жиын өткізді.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Жоба биыл қаңтар айында Павлодар облысының Екібастұз қаласында іске қосылған.

«ДӨО алқабы» Орталық Азиядағы энергетикалық әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жететін ең ірі деректер орталығы кампусын құруды көздейді. Қазіргі таңда жалпы аумағы 1,4 мың гектар жер телімі бөлініп, қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Инвесторларды тарту және жобаны кеңейту үшін қосалқы станса сатып алу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерін әзірлеу қолға алынған.

Жоба аясында 100 МВт-қа дейінгі дайын қуат қарастырылған және әрқайсысы 50 МВт болатын жасанды интеллектке арналған төрт кезеңдік орталық салу жоспарланып отыр. Инфрақұрылым халықаралық Tier III стандартына сәйкес келіп, энергия тиімділігі коэффициенті PUE 1.25 деңгейінде болады. Сонымен қатар, халықаралық серіктестерді тартуға арналған арнайы Greenfield аймағы құрылмақ.

Телекоммуникациялық мүмкіндіктерді арттыру мақсатында желілік кідіріс 80 миллисекундтан 57 миллисекундқа дейін қысқарады. Бұл көрсеткіш Еуропадағы негізгі трафик алмасу орталықтарымен тең деңгейге жетуге мүмкіндік береді.

Жобаны толық іске асыру Қазақстанды өңірлік цифрлық және есептеу қуаттылығы орталығына айналдыруға, 30 млрд долларға дейін инвестиция тартуға және 500-ден астам жоғары білікті жұмыс орнын ашуға жол ашады. Жиын қорытындысында Премьер-министр жауапты министрліктер мен ұйымдарға барлық кезеңнің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді және қажетті нормативтік шешімдерді жеделдетуді тапсырды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий