Қазақстанда отандық өндірушілерге қолдау күшейеді: Үкімет жаңа шешім қабылдады

07.08.2026 18:59 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстанда отандық өндірушілерге қолдау күшейеді: Үкімет жаңа шешім қабылдады
56
Фото: ortcom.kz

Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдау экономикалық саясаттың басты бағыттарының біріне айналып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкімет енді жекелеген кәсіпорындарға ғана көмек көрсетумен шектелмей, елдегі өндірісті жүйелі дамытуға басымдық бермек.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ішкі нарықты қазақстандық өніммен қамтамасыз ету және олардың экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері қаралды. Үкіметтің мәліметінше, бүгінде ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесі 83 пайызға жеткен. Ал сауда желілерінде ең көп сатылатын 20 тауардың 14-і – отандық өндірістің өнімі.

Үкімет сауда орындарындағы қазақстандық тауарлардың үлесін одан әрі арттыруды көздеп отыр. Сонымен қатар, сауда алаңдарының жалдау ақысының жоғары болуы сияқты кәсіпкерлерге кедергі келтіретін мәселелер де қайта қаралады.

Ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударылмақ. Ел өзін негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз етіп отыр, ал биылғы жартыжылдықта азық-түлік өндірісі 10 пайызға өскен. Осыған байланысты мал шаруашылығын дамыту және ет экспортын ұлғайту үшін жеңілдетілген несие көлемін көбейту жоспарланған.

Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстанның ет өнімдерін экспорттайтын жетекші мемлекеттердің біріне айналуы үшін инвестициялық жобалар мен мал шаруашылығы кәсіпорындарын қаржыландыру күшейтіледі.

Саланы дамыту мақсатында жыл соңына дейін тауарлардың бірыңғай цифрлық қадағалау жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе Ұлттық өнім каталогын, салық органдарының деректерін және отандық өндірушілердің тізілімін біріктіріп, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, бір ай ішінде елде өндірісін жолға қоюға болатын маңызды импорттық тауарлар мен шикізаттың тізімі әзірленеді. Әр өнім бойынша өндірісті іске қосу немесе кеңейту жоспары дайындалады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық өнімге берілетін басымдық сақталып, әкімшілік кедергілерді азайту жұмыстары жалғасады. Үкіметтің мақсаты – «Қазақстанда жасалған» белгісін сапаның кепіліне айналдырып, отандық бизнестің экспорттық мүмкіндігін кеңейту.

Войдите, чтобы оставить комментарий