Қазақстанда қайтыс болған адамдарға 21 млрд теңге зейнетақы төленіп келген

27.05.2026 18:04 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстанда қайтыс болған адамдарға 21 млрд теңге зейнетақы төленіп келген
209
Фото: Максим Золотухин

Қазақстанда төрт жыл ішінде қайтыс болған, хабарсыз кеткен және елден біржолата көшіп кеткен 60 мыңнан астам адамға 21 млрд теңге көлемінде зейнетақы төленген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жоғары аудит палатасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылғы бюджет қаражатын қалай жұмсағанын тексеру барысында осындай олқылықтарды анықтаған.

Құжатқа сәйкес, ведомствоның дерекқорлары Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратура сияқты мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен автоматты түрде біріктірілмегендіктен, 2020-2024 жылдар аралығында қазына қаржысы осылайша негізсіз жұмсалып келген.

Бұдан бөлек мемлекет бюджетінен жыл сайын 17 мыңнан астам шетелдік пен азаматтығы жоқ тұлғаға 9 млрд теңгеден астам зейнетақы төленетіні белгілі болды. Олардың қатарында алыс шетелдің 47 мемлекетінен келген 2818 азамат бар, мысалы, Қазақстан Қытайдың 1650, Ауғанстанның 17, Үндістанның 5, Нигерияның 2 және Вьетнамның 1 азаматына тұрақты түрде ақша аударып отырған, ал азаматтығы жоқ 920 адамға ғана жылына шамамен 3 млрд теңге төленген.

Елімізде тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер тиісті еңбек өтілі болса, жергілікті азаматтармен бірдей зейнетақы алуға құқылы, алайда Қазақстанның көптеген елдермен нақты халықаралық келісімдері болмағандықтан, олардың өз отанында зейнетақы алып отырғанын немесе еңбек өтілін растау мүмкін емес. Тіпті жоғарыда аталған мемлекеттердің көбінде, атап айтқанда Пәкістан, Нигерия, Үндістан, Қытай және Вьетнам сияқты елдерде қарапайым ауыл халқына емес, тек мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилерге немесе ірі корпорация жұмысшыларына ғана мемлекет есебінен зейнетақы төлеу жүйесі қарастырылған.

Қазіргі уақытта заңсыз төленген қаражатты мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал қос азаматтығы бар тұлғаларға қатысты істерді Қаржылық мониторинг агенттігі тергеп, шығын көлемін анықтауда. Осы мәселеге орай 2025 жылдың қыркүйегінде Еңбек министрлігі зейнетақы мен жәрдемақыны тек Қазақстанда тұрақты тұратын әрі тіркеуі бар азаматтарға ғана тағайындауды ұсынған болатын.

«Бүгінде зейнеткерлердің Қазақстан аумағында тұрмайтыны және екінші азаматтығы бола тұра елден тыс жерге шығып кеткені туралы фактілер анықталып отыр, сондықтан қазір тек зейнеткерлерге қатысты ғана емес, тұрғылықты жері бойынша тіркеу талаптарына да толық қатаңдату жүріп жатыр», – деді бұған дейін Еңбек министрі Светлана Жақыпова.

Войдите, чтобы оставить комментарий