Қостанайда жұмысшыны топырақ басып, көз жұмды
Қостанайда қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау ережелерін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот мәліметінше, Қостанай қаласының №2 сотында қауіпсіздік ережелерін ұйымдастыру және қамтамасыз ету міндеті жүктелген тұлғаға қатысты қылмыстық іс (ҚР ҚК 156-бабы 3-бөлігі) қаралды.
Сот анықтағандай, 2026 жылдың тамыз айында сотталушы еңбек шартын тиісті түрде ресімдемей, ер адамды тікелей қауіпті аймақта – тереңдігі шамамен 3 метр болатын ордың (траншеяның) ішінде жұмыс істеуге жіберген. Ор қабырғалары мен топырақтың опырылып құлау қаупі анық болғанына қарамастан, қажетті ұйымдастырушылық және техникалық қауіпсіздік шаралары қолға алынбаған.
Ор қабырғаларының тиісті деңгейде бекітілмеуі мен өзге де қорғаныс шараларының болмауы салдарынан топырақ опырылып, сол сәтте ордың ішінде тұрған жұмысшыны басып қалған. Салдарынан ер адам өміріне қауіпті ауыр жарақаттар алып, оқиға орнында көз жұмды.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кінәсін толық мойындауын, істеген ісіне өкінуін, келтірілген шығынды өтеуін және жәбірленуші тараптың сотталушыны қатаң жазаламау туралы өтінішін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Істің барлық мән-жайы мен сотталушының жеке басын ескере отырып, сот оған өндірістік жұмыстардың қауіпсіздігін, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасын ұйымдастыруға, бақылауға және қамтамасыз етуге байланысты басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 1 жыл 6 ай мерзімге айыра отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар