Қазақстанда Қытай көліктері құрастырылып, жасанды интеллект орталығы салынбақ

23.06.2026 16:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстанда Қытай көліктері құрастырылып, жасанды интеллект орталығы салынбақ
79
Фото: primeminister.kz

Қытайда өтіп жатқан «Жазғы Давос» экономикалық форумы аясында Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов технология, өнеркәсіп және автокөлік жасау саласындағы ірі қытайлық компаниялардың басшыларымен кездесіп, жаңа инвестициялық жобаларды талқылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Сапар барысында екі елдің стратегиялық серіктестігінің нақты нәтижелері белгілі болды. Мәселен 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі $48 млрд көрсеткішінен асып, Қытайдан тартылған тікелей инвестиция $2,8 млрд көлеміне жеткен. Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы тауар айналымы 36 пайызға өсіп, $1,9 млрд шамасынан асса, Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк ағынының 85 пайызы Қазақстан арқылы өтетіндіктен теміржол тасымалы да артып, 35,6 млн тоннаны құрап отыр.

Келіссөздер барысында еліміздің нарығында жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесіне басымдық берілді. Атап айтқанда Guangzhou Automobile Group директорлар кеңесінің төрағасы Фэн Синьямен кездесуде Қазақстанда автокөлік өндірісін жергіліктендіру жайы сөз болып, 2026-2028 жылдары аралығында GAC маркалы 17 мың машина шығару жоспарланды. Ал SuperX AI Technology Limited компаниясының басшылығымен елімізде 2026-2029 жылдары қуаты 1 ГВт деңгейіне дейін жететін жасанды интеллект және деректерді өңдеу орталықтарын құру жобасы қаралды. Үкімет басшысы 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын еске салып, инвестормен жұмысты үйлестіру үшін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.

Осы орайда аккумуляторлар мен энергия сақтау жүйелерін өндіруде әлемдік нарықтың 39,2 пайызын бақылап отырған CATL компаниясымен шикізатты қайта өңдеуден бастап пайдаланылған батареяларды кәдеге жаратуға дейінгі жобалар талқыланды. Өз кезегінде Xiamen Wanli Stone басшылығымен көмірді жоғары сапалы мұнай өнімдеріне айналдыратын және сирек металдарды терең өңдейтін интеграцияланған тізбек құру перспективалары қаралды. Бұған қоса CISDI Engineering компаниясымен отандық металлургияны жаңғыртып, жаңа құю кешенін салу мүмкіндіктері сөз болды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында Yulin Irrigation бас директоры Ци Юбомен Қызылорда облысында заманауи суару жабдықтарын құрастыру жобасы қаралды. Сонымен қатар Jinyi Holding Group компаниясымен Ақтөбе облысында шетелдік өндірушілерді тез арада орналастыруға арналған ірі индустриялық-логистикалық парк құру және Батыс Қазақстанда хаб ашу мәселелері келісілді.

Далянь қаласында өткен сессияда Үкімет басшысы Қазақстан арқылы 1,7 млрд тұтынушысы бар нарыққа шығуға болатынын және соңғы жылдары көлік инфрақұрылымына $35 млрд шамасында қаражат жұмсалғанын еске салды.

Бектенов Қазақстан ұзақ уақыт жұмыс істеуге, өндірісті локализациялауға, технологиялар трансферті мен қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағдарланған инвесторлар үшін ашық екенін атап өтті.

Бизнес өкілдерімен кездесуді қорытындылаған Үкімет басшысы салалық министрліктер мен Kazakh Invest ұлттық компаниясына бұл инвестициялық бастамаларды соңына дейін жеткізуді міндеттеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий