Қазақстанда шетелдік азамат халықаралық іздеуге жарияланды: Оған қандай айып тағылды?
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті 45 жастағы шетелдік азамат Уильямс Коулды (Williams Cole) халықаралық іздеуге жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті деген күдікке ілінген.
Іздеудегі азамат туралы ақпарат 21 қарашада Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған.
Мәліметке сәйкес, іздеу ісі Түркістан облысында тіркелген. Ер адамның жүрген жерін анықтаумен Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері айналысып жатыр. Ал іздеуді бастамашы болған орган – Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Аталған құқықбұзушылықтың бірінші бөлігі бойынша 2 мың АЕК-ке дейін (2026 жылы 8,65 миллион теңге) айыппұл салудан бастап, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Әзірге ҰҚК ер адамның қай елдің азаматы екенін жариялаған жоқ. Белгілі болғаны, Уильямс Коул 1981 жылғы 13 наурызда дүниеге келген. Іске қатысты өзге мәліметтер әзірге ашық айтылмады.
Соңғы жаңалықтар