Қазақстанда жүктілікке қарсы дәрілер таратылады

Қазақстанда жүктілікке қарсы дәрілер тегін таратылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысынан кейін брифингте мәлімдеді деп хабарлайды POLITICO.KZ
Министрдің Ақмарал Әлназарованың айтуынша, елімізде жыл сайын 75 мың әйелге жасанды түсік жасалады. Осыған байланысты баланы өмірге жоспарлап әкелу әдістерін қолдана отырып, бұл көрсеткішті төмендету қажет.
"Әрбір аборт – әйелдің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан бұл мәселемен Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп айналысып жатыр. Бұл тек сөз жүзінде қалмауы керек. Қазіргі таңда емханаларда әлеуметтік осал топтар үшін контрацептивтермен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлініп жатыр. Бірақ бұл жеткіліксіз екенін түсінеміз, сондықтан жұмыс жалғасады", – деді министр.
Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық тәжірибені зерттеп, репродуктив денсаулық саласына шетелдік сарапшыларды да тартқан. Контрацептивтерді тегін беру – өркениетті елдердің барлығында бар тәжірибе. Біз де осы жолмен жүреміз деген пікірде Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, әйелдерге арналған бұл препараттарды медициналық ұйымдар қаржыландырады. Ал кейбір өңірлерде жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі.
"Қазір біз әрбір әкімдікпен жеке жұмыс істеп жатырмыз. Тек емханалармен шектелмей, мүмкіндігінше жергілікті бюджеттен де қаржы бөлу арқылы осы көмекті қажет ететін әйелдерді барынша қамтуымыз қажет", – деп сөзін аяқтады министр.
Соңғы жаңалықтар





