Қазақстанда «Ұмай» әйелдер ипотекасына өтінім қабылдаудың екінші кезеңі басталады

Қазақстанда «Ұмай» әйелдер ипотекасына өтінім қабылдаудың екінші кезеңі басталады
Фото: Getty Images

«Отбасы банк» нәзікжандыларға арналған жеңілдетілген «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдауды қайта жаңғыртады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бағдарламаның екінші кезеңі 3 қараша күні басталып, оны қаржыландыруға 20 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Банк өкілдерінің хабарлауынша, бұл кезеңде де несиелендірудің негізгі шарттары өзгеріссіз қалады.

Бағдарлама аясында тұрғын үй сатып алу үшін берілетін қарыздың ең жоғарғы сомасы 50 миллион теңгені, ал қарыз алушы тұрып жатқан баспанасын жөндеу үшін бөлінетін сома 15 миллион теңгені құрайды. Несие бойынша бастапқы пайыздық мөлшерлеме жылдық 14,8 пайыз (ЖТСМ 16,3%-дан 16,8%-ға дейін) деңгейінде белгіленген. Төлемнің бір бөлігі банк сыйақысын өтеуге, ал қалған бөлігі жеке депозитке жинақталады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша депозитте несие көлемінің 50 пайызы жиналып, қажетті бағалау көрсеткішіне қол жеткізілген соң, қарыз алушы мөлшерлемесі 5 пайызға дейін төмендейтін тұрғын үй заемына ауыса алады. Бұл ай сайынғы төлемді және несиенің жалпы артық төлемін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Бастапқы жарнаның мөлшері баспана сатып алынатын қалаға тікелей байланысты. Атап айтқанда, Астана мен Алматы қалаларында тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызын, ал еліміздің басқа өңірлерінде кемінде 15 пайызын қарыз алушы өз қаражатынан сатушыға аударуы тиіс. Бұл ретте банк сатып алу-сату шартындағы баға мен бағалаушы белгілеген құнның қайсысы төмен болса, соған сүйеніп қарыз көлемін есептейді, ал олардың арасындағы айырмашылықты сатып алушы өз қалтасынан өтейді.

Бағдарламаға кәмелетке толған кез келген әйел азаматы тұрғылықты тіркеуіне қарамастан қатысуға құқылы. Қатысушының атында өзге баспананың болуы шектеу болып саналмайды. Басты талаптың бірі табыс көлеміне қойылады, яғни отбасының орташа айлық таза табысы 1 миллион 250 мың теңгеден аспауы және соңғы алты айдағы ресми кіріспен расталуы қажет. Несиеге жаңа салынған дайын немесе үлескерлік кепілдігі бар пәтерлерді Baspana Market платформасы арқылы, сондай-ақ қолданыстағы нарықтан 2016 жылдан бері пайдалануға берілген тұрғын үйлерді таңдауға болады.

Өтінімді 3 қарашадан бастап «Отбасы банктің» ресми сайтындағы бейнеқызмет сервисі, Baspana Market платформасындағы жеке кабинет арқылы онлайн немесе тікелей банк бөлімшелеріне барып тапсыруға болады. Айта кетейік, биыл 31 тамызда өткен бірінші кезеңде бөлінген 9 миллиард теңгеге лимит небәрі жеті сағат ішінде толық таусылып, 855 өтінім тіркелген болатын. Сол себепті банк өкілдері құжаттарды алдын ала әзірлеп, өтінімді алғашқы сағаттарда жолдауды ескертеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу