«Ред флаг» тек еркектерге ғана тән емес: ҚМДБ түсіндірді
Біреудің мінін табуға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Ал өз бойымыздағы кемшілікті қаншалықты байқаймыз? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) сайтында кейінгі кезде әлеуметтік желіде жиі айтылатын «ред флаг» ұғымына қатысты мақала жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мақала авторы, «Иман» журналының жауапты хатшысы Ермұрат Назарұлының түсіндіруінше, «ред флаг» дегеніміз – адамның мінезі мен іс-әрекетіндегі қауіпті белгілер. Мұндай мінез кейін отбасында, достықта немесе өзге адамдармен қарым-қатынаста үлкен мәселеге айналуы мүмкін.
Қазір әлеуметтік желілерде бұл ұғым көбіне ер адамдарға қатысты айтылып жүр. Алайда елордалық отбасы және балалар психологы Айсұлу Қалағанованың сөзінше, «ред флаг» еркек пен әйелді бөліп-жармайды.
«Негізі ред флаг деп бір адамның екінші адамға өзара қарым-қатынаста сөзімен не ісімен зиян тигізуін айтамыз», – дейді психолог.
Маман мұндай белгілерге шектен тыс қызғанышты, өзгені өз дегеніне көндіруге тырысуды, ашушаңдықты, қатыгездік пен жауапкершіліктен қашуды жатқызады.
Ал адамның бойында «ред флаг» барын қалай білуге болады?
Мақалада оның бірнеше белгісі көрсетілген. Тәптіштегенде, үнемі өтірік айту, ашуланғанда өзін ұстай алмау, барлық кінәні өзгеге арту, қателігін мойындамау, кешірім сұрай алмау, уәдесінде тұрмау және сынды көтермеу.
Сондай-ақ өзгенің жеке шекарасын сыйламау, ата-анасына, әлсіз адамдарға немесе қызмет көрсететін жандарға дөрекі сөйлеу де қауіпті мінездің белгісі болуы мүмкін.
Әсіресе ерлі-зайыптылар арасындағы шектен тыс қызғанышты «махаббат», ал әр қадамын бақылауды «қамқорлық» деп көрсетуге назар аударылған.
Мақала авторы адамның шынайы мінезі көп жағдайда өз үйінде байқалатынын айтады. Өйткені сырт көзге сыпайы, елге сыйлы болып көрінген адам отбасында мүлде басқаша әрекет етуі мүмкін.
Ең қызығы, адам өз бойындағы «ред флагты» өзі де байқай алады. Ол үшін психолог Айсұлу Қалағанова әркім өз сөзіне, әрекетіне және өзгелермен қарым-қатынасына сын көзбен қарауы керек дейді.
Мәселен, «Ашуланғанда өзгелерге зияным тимей ме?», «Жақындарымды өз дегеніме көндіруге тырыспаймын ба?», «Біреудің көңіліне тиетін сөз айтып жүрмін бе?» деген сұрақтарға шынайы жауап беру маңызды.
Дегенмен бойынан осындай белгі тапқан адамның бәрін жаман деуге болмайды. Маманның түсіндіруінше, ең бастысы – жағымсыз әрекеттің қаншалықты жиі қайталанатыны, адамның қатесін мойындауы және өзгеруге ұмтылуы.
Ал діни тұрғыдан мақала авторы мұндай мінезден арылу үшін адам тәубе етіп, ренжіткен кісілерінен кешірім сұрап, өз әрекетін түзетуі керек екенін жазады.
Ермұрат Назарұлы мақаласын өзгелердің кемшілігін іздегенше, адамның өз мінезін түзетуі маңызды деген оймен түйіндеген. Бұл ретте ол Шәкәрім Құдайбердіұлының адамды өз бойындағы мінмен күресуге шақырған өсиетін еске салады.
Соңғы жаңалықтар