Кондиционерсіз ұшақта 45 минут тұншыққан жолаушы FlyArystan-ды сотта жеңді

Кондиционерсіз ұшақта 45 минут тұншыққан жолаушы FlyArystan-ды сотта жеңді
Фото: видеодан скрин

Шымкент-Алматы бағытындағы рейстің жолаушысы FlyArystan әуе компаниясынан моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп алды. Сот сонымен қатар тасымалдаушыны жолаушының сот шығындарын толық өтеуге міндеттеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға биыл шілде айында болған. Заңгер Абылай Байтеновтің айтуынша, сырттағы ауа температурасы 40 градусқа жеткен кезде жолаушылар кондиционері қосылмаған, есіктері жабық ұшақтың ішінде шамамен 45 минут бойы отырған.

Жолаушы әуе компаниясының қызмет көрсету сапасына келіспей, сотқа талап арыз түсірген. Іс бойынша негізгі дәлелдердің бірі ретінде ол оқиға кезінде смартфонына түсірген бейнежазбаларды ұсынған.

Абылай Байтенов әлеуметтік желідегі парақшасында сот процесі туралы жазды. Оның сөзінше, оқиға шілде айында сағат 17:00 шамасында болған.

«Шымкент әуежайында есіктері жабық, кондиционері қосылмаған ұшақтың ішінде бізді 45 минут бойы ұстап отырды. Сотта әуе тасымалдаушының ұстанымы мынадай болды: ешқандай қорқынышты жағдай жоқ, ондай болып тұрады, ешқандай заңбұзушылық жоқ», – деп жазды заңгер.

Алайда бірінші сатыдағы сот жолаушының талабын қанағаттандырды. Сот шешімі бойынша FlyArystan компаниясынан моральдық зиян үшін өтемақы өндіріліп, жолаушының барлық сот шығынын өтеу міндеттелді.

Заңгер істің әлі де жалғасуы мүмкін екенін айтып, әуе компаниясы апелляциялық шағым түсіреді деп күтіп отырғанын жеткізді. Әзірге істің бұдан әрі қалай өрбитіні белгісіз.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу